Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкімет дағдарысқа қарсы бағдарламаны бекітті

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2015
  • 1313

Үкімет дағдарысқа қарсы бағдарламаны бекітті. Алдағы екі жылда атқарылатын жұмыстарды қамтитын құжат Президенттің жолдауда айтқан тапсырмаларына негізделген. Жаңа міндеттерді мойнына алған Үкімет бекітіліп кеткен бюджетке қайта түзету енгізуі ықтимал. Бүгін Премьер-министр brent маркалы мұнай бағасы 30 долларға төмендеуі мүмкіндігін ескеріп, Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрілігіне жаңа сценарий құруды тапсырды. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

«Қаржы секторын тұрақтандыру», «Бюджет саясатын оңтайландыру», «Жекешелендіру», «Жаңа инвестициялық саясат», «Жаңа әлеуметтік саясат». Осы бес бағыт арқылы Үкімет алдағы екі жылда дағдарысқа қарсы тұрмақ. Шенділер бағдарлама аясында қыруар жұмыс атқаратындарына бек сенімді. Мысалы, Ұлттық банк басшылығы инфляция деңгейін 6-8 пайыздан 4 пайызға түсіруді жоспарлап отыр. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры түбегейлі Үкіметке өтеді. Ұлттық қормен пара-пар мәртебеге ие болады. Жинақтағы қаражат қайда инвестицияланатыны әзірге белгісіз.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

1 қаңтардан бастап «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын» басқару құзіреті Ұлттық қорды басқару кеңесіне беріледі. Үкімет пен Ұлттық банк кеңесіп, зейнетақы қорындағы қаражатты қайда инвестициялауды шешеді. Бірінші кезекте басы бүтін сақтаулы, екіншіден, инвестицялық өсім жағы ескеріледі. 

Тұрғындардың жан қалатысынан шыққан қаржыға құрылған тағы бір әлеуметтік маңызды жоба - "Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі" - жекешелендіру тізіміне іліккені белгілі. Бірақ ол ә дегеннен жеке қолға сатылмауы мүмкін. Қаржы құрылымының жұмысын иіріп әкететін инвестор табылмаса, бәскелі ортаға басқа жолдар арқылы өтеді. 

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы:

Біз қаржы-банк саласында тәжірибесі бар инвесторды іздестіреміз. Егер ондай  инвестор табылмаса, Үкіметке активті сатудың басқа жолдарын ұсынамыз. Мүмкін IPO-ға шығады. Басқа да механизмдер қарастырамыз.

Жалпы 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары алдағы қаңтар айында бекітіледі. Сатылатын барлық компаниялардың тізімі сонда нақтыланады. Дағдарысқа қарсы маңызды шешімнің бірі - өндірістік жұмыскерлердің жалақысын субсидиялау. Ол экпорттық өнімі 30 пайыз, жүйе құраушы ірі компанияларға қатысты. Ондағы білікті мамандардың қысқарып қалған жұмыс сағаттары үшін мемлекет айлықты өз қалтасынан төлемек. Бұл бағдарлама бір жылға дейін созылады. Осы тұста Қызылорда облысының әкімі Үкіметке "дат" айтты. Қырымбек Көшербаев алпауыт өндіріс орындарынан бөлек, 250 жұмысшысы бар кәсіпорындарды да қамтуды сұрайды. Өйткені өңірдегі көптеген  компаниялар Үкімет белгілеген критерийлерге сай келмейтін көрінеді.

«Мұнай саласында қызмет көрсетуші компанияларда жұмысшылардың жаппай қысқару қауіпі басым. Бір ғана Қызылорда облысында мұнай-газ саласында 29 мың адам жұмыс істейді. Отбасы коэффициенті бойынша 5-ке көбейтсек, бұл мәселе 145 адамның тағдырына қатысты болмақ.»

Облыс әкімі қара алтын құны осы қалпында қалса, келесі жылы өңірде мұнай-газ саласындағы жұмысшылардың 70 пайызы қысқаруы мүмкін деді. Ал Үкімет мұнай құнына қатысты негативті сценарий құруға әзір отыр.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Егер Brent баррелі 30 долларға түсіп кетсе, валюта нарығында жағдай қалай өрбиді, Ресей нарығы не болады, жалпы макроэкономикалық ахуал қалай болады? Біздің бюджетке оның әсері қандай болмақ? Сондықтан Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрілігіне Ұлттық банкпен бірігіп алдағы жағдайды ескеріп, жаңа жоспар құру тапсырылды.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Айтпақшы, Қашағандағы күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Сөйтіп, өндіріс кешені 2016 жылы желтоқсанда іске қосылмақ. Тіпті Энергетика министрілігі 2020 жылы коммерциялық өндіріс көлемі 13 млн тоннаға жететінін есептеп қойыпты. Алайда, қымбат мұнай дәуірі көзден бұлбұлдай ұшқанға ұқсайды. Сондықтан Қашағанға үміт арту қиысынсыздау көрінеді.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ