Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өзге пікір»

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2015
  • 1838

Қазір «Өзге пікір» айдары.

Оралға көлікпен жол тартқан жұрт енді «адаспай», қаланы бірден тауып алады. Өйткені Орал деген жазу алыстан «менмұндалайды». Жергілікті әкімдіктер «жомарттықтан» жаңылар емес. Кіреберістегі ОРАЛ жазуын, анау-мынау емес, 10 млн теңгеге орнатқан. Төрт әріпке бола, миллиондарды ысырап қыла салу түк емес. Аясын ба, бюджеттің теңгелерін. Қарапайым есеппен бөлсек, бір әріпке 2,5 млн теңге жұмсалған. Бұған дейін Астана қаласының әкімдігі де жылы аялдаманы 10 млн теңгеге жасатып, халықты ашуландырған еді. Елбасының «үнемдеу керек» деген сөзі жергілікті әкімдерге қатысты емес сияқты... Бұл жолғы жауап та – аялдамаларға байланысты берілген жауапқа ұқсайды - орнатылған белгі он млн-ға тұрарлық екен. Алтын жалатылмаса да, соның ар жақ, бер жағы. Дизайны, коррозия мен ауа температурасына төтеп беретін металы, жарықдиодтары, бәрі-бәрі қаланың архитектуралық стиліне сай екен. Бір сөзбен айтқанда, көзіңді жұмып, аузыңды ашып, таңдайыңды қағып тамсанатын дүние. Алайда жұрт тамсанып жатыр ма?  

http://www.nur.kz/959838-nadpis-oral-na-vezde-v-uralsk-oboshl.html

Аноним:

 Келген адам алдында Орал қаласы тұрғанына сенімді болады. Бұған дейін шатасқан еді... Не деген ақымақтық. Бюджеттің бүйірінен кертіп алу ғой. Оралда ақшаны желге шашудан басқа проблема жоқ сияқты. Тіпті болмағанда, Астанадағыдай жылы аялдама тұрғызбады ма?

 

Аноним:

... Басты мақсат, бізді әлем тануы керек. Мұндай қарқынмен бізді әлем жұмбақ, әрі тез жойылып кеткен халық ретінде еске алып отырады.

 

Аноним:

Бұл жазуды енді спутниктер көріп, біз туралы хабар тарататын шығар. Менің сөзім жоқ. Дағдарыспен күреске бағытталған бағдарламаларға айтарым жоқ...

Аноним:

Міне, дағдарыс кезінде бюджет қаражатын осылай үнемдеп, тапсырмаларды «орындап жатырмыз»!

Аноним:

Орал дегенде 4 әріптің ғана болғаны қандай жақсы. Ал Талдықорған деп жазса ше, 30 млн. теңге кетер еді.

Студия: Алматыда да бюджет қаражатын жерге төсеп, желге ұшырып жатқандар бар.  Erick Zhan есімді интернет қолданушы оңтүстік астанадағы жол жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын түсіріп алып, ғаламдық желіге жүктеген. Онда асфальт жаңбыр жауып тұрғанда лай-батпаққа төселіп жатыр. Ал жердің бетінен буы бұрқырап тұр. Сенбесеңіз қараңыз.

Видео: http://tengrinews.kz/tv/interesnoe_v_seti/5453/

Студия: Алматыда қазан айында да, дәл осындай жаңбырлы күні асфальт төселген еді. Куәгерлер түсіріп салған, ғаламторға. 

ВИДЕО: http://tengrinews.kz/tv/interesnoe_v_seti/5237/

Пікірлер:

Zz:

Мұндай жұмыстар қасақана жасалатын сияқты. Біраз уақыт өткенде асфальт бұзылып қалады деген есеппен төселетіндей. Күз келіп, жаңбыр басталғанда, асфальт төселе бастайды... Жаз бойы тыныш жатады. Күзде құбырларды ауыстырып, асфальт төсеуге кіріседі. Сосын жарылып жатады, опырылып жатады...

Роланд:

Бұл залал келтіру. Бұрын осылай істесе, мердігерден бастап бригадирға дейін, тіпті жұмысшыларды да сотқа тартар еді. 

Қонақ:

Бұл жеке тапсырыс болуы мүмкін. Сондықтан тапсырыс беруші осы уақытта төсегісі келсе, не істейсің.

Анатолий:

Бұл жеке тұлға болуы кәдік, батпаққа кетіп жатқан мемлекеттің ақшасы екені анық.

Мәди:

Бұл әдісті дұрыс емес деп кім айтты? Асфальтты Германияда қалай төсейтінін оқыңыздар. Жаңбырлы күні асфальт нашар төселеді деген ұғым жоқ, барлығы оның сапасына байланысты.

Студия: Германия демекші, мықты автобандарымен әйгілі сол елде асфальт қалай төселеді екен деп қарасаң, таңдай қағасың. Тізерлеп жүріп, қолмен істеп жатыр бәрін.

https://www.youtube.com/watch?v=cC0gWTnJ9as

Салыстырып, бағасын өзіңіз бере жатарсыз. Осымен тәмам. Сіздермен болған Жұрағат Баман.