Қара шаңырақ – Қазақ ұлттық университетінде 80-90-жылдары оқыған қазақ жастарының көбі, тіпті бәрі сүйген әндер бар. «Нағыз жігіт» дейтін жігіттер мен бірінің бұрымы бар, екіншісінің шашы шолақ болса да, ақылы шолақ емес қыздарды тәтті мұңға батырып, елеңдеп үміттендірген, дәл өзінің сөзіндей, дәл өзінің үніндей Аспантаулардың шыңына шығарған әндер... Әсем көлдер мен асқар таулардың, ну орман және... және қасиетіңнен айналдым, шөл даланың балаларын бірдей ұйытып, бірдей еліктірген әндердің бірнешеуін жазған Табылды Досымов еді. «Ұнатамын мен сені, арманымдай еңселі» - естеріңізге түсті ме?!
... Менің қаным тебіренсе
Тентек Каспий секілді
Қинайтұғын, ұйымайтұғын,
Арнасына сыймайтұғын қайтадан.
Немесе
Лақаттан лақтырдым бөркімді,
Тәнімді жаным жеп өлтірді.
Жардағы сүгірет үні кеп,
Күлкімді менің келтірді.
Ол тірі болғанда елуге толар еді. 45 жасында кетіп қалды. Бағаланбағаны бармақ тістетеді. Оның сезім пернелерін дөп басатын, өзіңді, басқаны ұғуға соқпақ салатын, сонымен бірге оқығанданамыс отынажағатын шығармалары сұмдық орамдарымен... керемет ләззатқа бөлейді... Ришат Асқарбекұлының қазақтан шыққан тұңғыш бард-әнші Табылды Досымов туралы арнайы материалы.
Табылды - досқа адал, кіршіксіз, көңілі ерекше таза адам... Ол туралы естеліктерді парақтасақ, жора-жолдастары бірінші кезекте адалдығын жазады... Табылды Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің атақты 5 - жатахқанасында алғаш кездестірген Әбубәкір Исмайылов болыпты. Оқуға түскен талапкерлердің бәрінен бұрын келіп алған Әбіш пен Табылды мына 302-ші бөлмеде табысады. Екеуі сол күннен бастап Табылды өмірден өткенше сырлас, ең жақын дос болып қалды.
Кереуеттер былай тұратын. Ол мына оң жағында жататын. Такеңнің шашы қайратты еді. Сол жатарда басына тор немесе басқа да бір заттар киіп жататын, Себебі ертең ерте тұрғанда шашы айқайлап кететін еді.
Сол алпамса денелі, шашы қайратты, бірақ жүрегі жұмсақ Табылдыдан көз жазғанына бес жыл болды. Әбубәкір де ақын. Сондықтан екеумізді табыстырған поэзия болатын, дейді ол. Жұматай ақынның жырын жастанып оқитын кезең еді. Әбекеңді жан досымен табастырған құтты мекенге келмегеніне биыл 26 жыл болыпты. Жастық дәурен - қызығы мол думанды шақтарды еске алды. Көңілді отырыс, әдемі ән, арқалы поэзия кештері КазГУ-де сол, №5 жатақханада өтетін. «Ұнатамын мен сені, арманымдай еңселі» әні албырт, асау жүрек, жаны кіршіксіз жастардың бір гимні еді.
Әбубәкір Исмайылов, ақын, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының иегері:
Сен кеткелі ештеңе жоқ өзгерген.
Жігіттерді жиып алып көзкөрген
Жыр оқығым келгені болмаса,
Студенттік кездерден
Сен кеткелі ештеңе жоқ өзгерген.
Табылдың өз дауысымен: /Мен қазақпын/
Мен қазақпын, мен қазақпын, қазақпын деп айтам ән,
Халқым үшін қан-додаға кірмей қалай жай табам?!
Менің қаным тебіренсе тентек Каспий секілді,
Қинайтұғын, ұйымайтұғын, арнасына симайтұғын қайтадан.
Табыл келгенде, студенттік орта гүлденіп сала беретін. Алматының әдемі кештерінде Табылды салған әндер аспанға әуелеп жататын, деп еске алады достары. Курстастары өзі ақын, өзі сазгер, өзі әнші екенін біліп, «Жаратқанның бір адамның бойына осынша дарынды қалайша бере салғанына» таңғалады екен. Ол кезде совет адамдары Владимир Высоцкиймен ауыратын. Екеуінің таланты ұқсас болғанымен, тағдыры қайталанбаса екен деп тіледік дейді, замандастары.
Арман Сқабылұлы, журналист, Т. Досымовтың досы:
Жыраулыққа керек қасиеттің бәрі бар Табылдың бойында. Жырау сөзін өзі жасады, әнін өзі жазады. Өзі орындайды. Бард та солай. Бір айырмашылығы- жырау домбыра, бард гитарамен ән салады.
Шынымен де бард жанры қазаққа сырттан келді, дейміз. Бірақ ол ұлтымыздың табиғатында бар нәрсе. Бард- жыраулық поэзияның осы заманға лайықталған үлгісі. Сондықтан Табылдының мақамы, әуезі, қаһармандық сарыны тыңдарманға бірден ұнады. Оның әндерінің сөзі де терең, түрлі оқыс ойлар, тың теңеулер, шалт ете қалуымен ерекше. Заманның күрделі проблемаларын қопара жырлады, дейді ақын Жүрсін Ерман.
Жүрсін Ерман, ақын:
Биік төбенің басындағы тау сияқты. Мынау кеш, оның шағырмашылығын насихаттау өте қажет деп ойлаймын. Өйткені Табыл әлі халыққа жетпей жатыр. Әсіресе жастардың құлағына сіңу керек. Онда ұлтжандылық, ұлтшылдық рух бар.
Оқу бітірген соң, дарындысы да, бойында титтей де таланты жоқ жастар да Алматыда қалып, өз орынын табуға талпынатын. Бірақ Табыл олай істемеді. Әке-шешеден жалғыз кіндікті болған соң, қарт ата-анасының жанына кетуге мәжбүр болды. Достарына түбі Алматыға қайта ораламын деп айтады екен. Батысты туған жері ретінде сүйгенімен, оның талантын ашып, шабыт бітіретін Алатау баурайындағы әсем Алматы еді. Досы әрі курстасы Арман Сқабылұлымен Нарынқолға барғанда аспантауларды көріп, мұнда туып, ақын болмау мүмкін емес деп тамсанған екен. Кейін, тау ұлы емеспін, қыр ұлымын деп өлең жазды.
Табылды Досымовтың өз дауысымен ән: /Биіктік/
Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен,
Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен.
Осы қырда төбешіктей аналар,
Дүниеге таудай ұлдар
әкелген…
Арман Сқабылұлы, журналист, Т. Досымовтың досы:
Сіз Табылдың соңғы
шығармашылық күйзелісінде не болғанын білесіз бе?! Ол да осы мәселеге
байланысты. Ол көп жерде жазылған жоқ. Ол өзінің туған ауданында сахнаға
шығармай қойған. Ауданның әнұранын жазса
да сахнаға жібермеген. Соған күйзелген. Достарына телефон шалатын. Маған өстіп
жатыр деп.
Табылдының ең биік арманы- шығармашылығын түгендеп, тыңдаушысының алдында бір есеп беру еді. Оның 70 шақты әні халық арасында танылған. Алайда Арман курстасы айтпақшы, «талантты тірісінде қадірлей алмаймыз»...
Қарлығаш Басарқызы, Т. Досымовтың зайыбы:
Әрине ол Алматыда кеш жасауды армандап өтті. Аматыға барсам, өнерім бағаланар еді деп жүрді. Фариза апай кешіне шақырды, келіп кетті. Қалаға келсе, достары ұстап алып, телеарнадан өлеңдерін айтқызып, шығарып жүрді. Тірі кезінде де қолдады. Әсіресе достары. Серік, Армандар шақырып, телеарнаға шығарып жүрді.
Сол бір буын, әсіресе Табылдының достары, курстастары үлкен белестерден көріне білді. Олар қашанда Табылдыны алақанына салуға бейіл еді. Бірақ әркімнің өз тіршілігі бар ғой. Жаны нәзік болса да, тау тұлғалы Табылдыны өледі деп кім ойлаған. Табылдың әруағын еске алу үшін жасалған кешті жасанды шара емес, Тәкең сияқты ұлы талант иесі жасаған дарынды шығарманың жалғасты бөлігі деп қабылдаған дұрыс, дейді олар.
Сағынып жүрмін шалғайда
Келеді кеткім бала боп,
Алматы қайда, ел қайда
Қайда сол, КазГУ городок, деп өзі өлеңге қосқан Қазақ ұлттық университетінің қабырғасындағы концерт әсерлі өтті. Өнердегі тағы бір досы- Елена Әбідхалықова да осы кешке келіп, тебіренісін әнмен жеткізді. Қазақтың құшағына сыймаған Табылды, ажалдың құндағына қимаған Елена «ағалы-қарындастай» жүрген сәттерін ұмытпақ емес.
Елена Әбдіхалықова, сазгер, ақын:
Бар- жоғы 45 жас ғұмырында жасаған еңбегінің жемісі шын мәнінде тыңдауға
тұрарлық. Шын мәнінде елеуге тұрарлық.
Шын мәніде қазақ өнерінің бір жарық жұлдызы деп атауға тұраралық еді.
Соны бүгін ғана түсініп бармағын шайнап
отырған халық бар қазір.
Үш сағатқа созылған шығармашылық кеште тума таланттың бард әндері гитарадан тыс эстарада жанрында да шырқалды. Себебі соңғы уақыттары Табылды әндерін қайта өңдеп, тыңдарман құлағына сіңісті етіп жүрген өнерпаздар көп. Театр әрі кино актері Болат Әбділманов Табылды жырларын өз сарынына салып оқып берді. Ал әке жолын қуған Абыл Досымов да перзенттік парызы ретінде гитараны өміріне серік етіпті.
Баласы Абыл ән айтып жатыр....
Блиц:
· Қазақта бард болмады. Сал-серілер болды. Гитарамен ән айту, сол сал-серілердің жұрнағы, жұқанағы деп білемін.
· Оның жүрегі жас болды. Жас кетті. Ол жастардың ақыны, студент ретінде оның шығармашлығымен тансытым. Өте қатты қызығамын.
Жыраулық өнердің замануи болмысын жасаған Табылдыны жас ұрпақ әлі ұлықтайды. Себебі жастар мұндай өнерге зәру, оның мақамы, айтқан әрбір тұщымды ойы замана ағымын суреттейді емес пе?! Бірақ шағын елді мекенде жүріп, үлкен аудиторияны аңсады, қошеметке зәру болды.
Әбубәкір Исмайылов, ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, досы:
Бір сөзінде айтатын. Аудиторияны аңсағаны сонша, ол айнаға қарап отырып ән айтамын дейтін. Соған қарап ар жағында көптеген тыңдаушысы отырғандай әсер алатын шығар.
Табылдының өз дауысымен ән: /Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам....
Ришат Асқарбекұлы, «20:30 Біздің уақыт».