Русский Сайттың толық нұсқасы

2015-2017 жылдардың бюджетіне соңғы түзетулер енгізілді

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2015
  • 974

Соңғы түзету. Бүгін Парламент Мәжілісінің кеңейтілген отырысында 2015-2017 жылдардың бюджетіне өзгертулер енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Мемлекеттік апараттың шығындарын барынша қысқартып, ықшамдалған бюджеттің тапшылығы десе де қомақты. Мұнай мен доллардың бүгінгі жағдайына қарамастан, қолданыстағы бюджет мұнай барреліне 50 доллар, ал доллар бағамы 220 теңге болып бекіді. Депутаттар соңғы редакцияны бірауыздан қабылдағанымен, үкіметтің экономикалық блогының жұмысына көңілі толмайтын сынды. Ұлттық банктің доллар бағамына қатысты сенімсіз позициясы да депутаттар сынына ұшырады.

Ағымдағы жыл бюджетінің соңғы түзетулерін қабылдау төңірегінде депутаттар көп сөз таластырған жоқ. Бірнеше рет сүзгіден өтіп, түзетілген құжаттың бүгін соңғы нүктесі қойылды. Майшаммен қаралған мемлекеттік бюджет шығыстары 66 млрд 500 млн теңгеге шегеріліп, 7 трлн 180 млрд теңгеге жуықтады. Кез-келген бюджеттің әлеуметтік бағыттары басымдыққа ие болатынын атап айтқан депутат Тінікеев Ұлттық экономика министрлігінің осы бағытта атқарып келген жұмысын сынады.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мен заң жобасын толық қолдаймын. Экономика вице-министрінің баяндамасынан кейін менде сұрақ туындап отыр. Біреудің затын тартып алып, екінші адамға беру арқылы бақытты бола алмайсың. Сіз жәрмеңкелерді жарнамалап отырсыз. Сіз тауарды шаруалардан тартып жеп, оларды үш есе арзанға сатуға мәжбүрлеп отырғанымызды білесіз бе? Ал оларды кімдер алады? Джиптерімен келіп қап-қап тауарды тиеп әкетеді. Ал қаланың бір шетінде тұратын қария орталыққа дейін қалай жетеді?

Вице-министр Марат Құсайынов депутаттың наразылығымен келіспейді. Ол әлеуметтік  жәрмеңкелердің тиімді екеніне сенімді. Айтылған сыннан кейін жәрмеңкелер тәжірибесі жалғасады ма деген сауалдың жауабын Құсайыновтың өзінен алмақшы болдық. Алайда вице-министр сұрақтан қашты ма, әлде өзге де себептер болды ма, парламентке әкелген екі сұрағының соңғысына қарамастан, тайып отырды.

Ағымдағы бюджеттің түзетулерін Ұлттық банк басшысы да қолдады. Данияр Ақышев елдің валюталық нарығы тұрақталғанын алға тартады. Ал валюталық депозиттер күрт өскен.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

2015 жылдың 10 айында депозиттер 4,6 трлн теңгеге дейін, 24,6 пайызға өсті. Шетел валютасындағы депозиттер үлесі 55 пайыздан 66 пайызға дейін өсті. Бұл ұлттық валютаның әлсіреуінен кейінгі қайта бағалауға байланысты болды. Банктердің экономикадағы кредиттер көлемі 12 трлн теңге болды. Кредиттерді жандандыру жалғасатын болады.

Бюджетке бола Парламентке төрт көзі түгел жиналған Үкімет мүшелерін журналистер сұрақтың астына алды. Жуырдағы мемлекет басшысының елге инвестициялар тартуды ширату үшін жаңа ведомство ашу тапсырмасына қатысты вице-премьер Бақытжан Сағынтаев түсіндірме берді. Әзірге үкіметтің оның қалай жүзеге асатыны да, ол Инвестициялар және даму министрлігінен жеке дара ведомство болатына жайында нақты түсінігі жоқ.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ