Русский Сайттың толық нұсқасы

Айдын Айымбетовтың ғарышқа сапары Қазақстанға 20 млн долларға шығады

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2015
  • 1665

Айдын Айымбетовтың ғарышқа сапары Қазақстанға 20 млн долларға шыққалы тұр. Бұл жөнінде біздің арнаға Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ерғазы Нұрғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған сома «Роскосмосқа» әлі төленбеген. Бірақ, айтуынша, арада нақты келісім бар. Ал отандасымыз Халықаралық ғарыш станциясына бортинженер ретінде ұшады. Алматыдағы зерттеу орталығында Айымбетовке арнайы ғылыми бағдарлама әзірленіп жатыр. Қыркүйекке дейін ол толық дайын болады, дейді.

Еске салайық, Айдын Айымбетов - ғарышқа аттанатын тұңғыш Қазақстан азаматы. Қыркүйекте ғарышқа турист ретінде британдық әнші Сара Брайтман ұшуы тиіс болған. Ол бас тартқандықтан, қазақ ғарышкерінің кандидатурасы мақұлданды. Ал Брайтман ғарыш станциясына 10 күндік сапары үшін 52 млн доллар төлеуге міндеттелген. 

Ерғазы Нұрғалиев, ҚР Инвестиция және даму министрлігі, Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:

Қазақстан тиісті қаржыны әлі төлеген жоқ. Ол сома 20 млн долларды құрайды. Айымбетов зертеуші-ғарышкер ретінде ұшуы тиіс-тін. Ол үшінші креслоға жайғасады делінген. Сара да зерттеуші ретінде ұшады делінген. Күні бұрын Талғат Мұсабаев Ресейге жұмыс сапары кезінде «Роскосмос» бастығы Комаровпен кездесті. Онда Айдын Айымбетовтың мәртебесі туралы мәселе қозғалды. Енді Айдын ғарышқа №2 бортинженер ретінде ұшатын болды.

Сондай-ақ, «Қазғарыш» басшысының орынбасары 10 шілдеде Президентпен мақұлданған «Бәйтерек» зымыран кешені жобасы Қазақстан үшін 1 млн долларға түсетінін айтты. Сәтсіздікке ұшыраған қазақ-ресей жобасы бастапқыда 223 млн долларға шығады делінген. Алайда 11 жыл нәтижесіз жұмыстан соң, «Роскосмос» қаржыландыруды 2 млрд долларға дейін өсіруді сұрады.

Ерғазы Нұрғалиев, ҚР Инвестиция және даму министрлігі, Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:

Бұған дейін «Бәйтерек» кешенін іске асыруға тек Қазақстан қаржы құяды деп келісілген. Яғни 223 млн доллар. Ал қазір зымыран кешенін салу үшін, бірлескен жоба болғандықтан, Ресейдің де қаржы бөлуін сұрап отырмыз.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ