Инвестициялар және даму министрлігіне халыққа есеп беретін мықты
мемлекеттік аппарат құру әдістемесін сингапурлық маман үйретіп жатыр. Мұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте салалық министр
мәлімдеді.
Әсет Исекешов қыркүйектен бастап өзі басқаратын мекемеге қарасты
барлық құрылымдар бос жұмыс орындары туралы мәліметті алдын ала ресми сайтқа
жариялайтынын жеткізді. Жаңа реформаға сәйкес қызметкерлерге жалақы мен бонусты
министр белгілейді. Мекеме негізінен ағылшын тілін жетік білетін мамандарға
басымдық береді. Қазіргі таңда министрлікте «Болашақ» бағдарламасының 50 түлегі
жұмыс істейді. Тағы 34 маман шет елге оқуға жіберілген. Исекешов қай салада
болмасын, шет елдік мамандардың қызметіне мұқтаж екенімізді жасырмады.
Әсет Исекешов, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Авиация саласында ағылшындардың, геологияда - канадалықтардың, энергия
үнемдеу бойынша немістердің білімі мен біліктілігіне жүгінуге мәжбүрміз.
Мәселен, Дубаидағы авиация агенттігінде жұмыс істейтіндердің 40 пайызы - шет
ел азаматтары. Алдағы уақытта ашық үкімет құру мақсатында шет елдіктермен
кеңесіп құрастыратын заң жобалары ең жоғары стандарттарға сәйкес болады, деп
сенеміз.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ