Русский Сайттың толық нұсқасы

2016 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы баллдық жүйе бойынша төленеді

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2015
  • 1268

2016 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы баллдық жүйе бойынша төленеді. Бұл жайында бүгін Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері мәлімдеді. 

Айта кетейік, бұл жоба Елбасының «100 қадам» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Мамандарға ұпайлар жұмыс сапасына сәйкес беріледі. Кейін әр айдың соңында мекеме жетекшілері қызметкерлерді үлгерімі бойынша 4 топқа бөліп, үздіктерін сыйақымен жарылқамақ. Бонус сомасы жалақының 30 пайызынан аспауы тиіс. Ал көштен қалып отыратын мамандарға қосымша оқу курстары қарастырылған. Құзырлы мекеме дерегінше, шенеуніктердің жалақыларына қосылатын бонустар еңбек қорынан төленеді. Айта кету керек, жұмыс сапасының шынайы бағалануын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қатаң бақылайды. Жалпы облыста 5 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер бар. 

Елена Степаненко, СҚО Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бөлім басшысы:

Егер де мемлекеттік қызметкер жақсы жұмыс жасап, басшысы оны үздіктердің қатарына қоспаса, онда бұл маман бізге өз шағымымен жолыға алады. Кейін біз сол мекемені тексерістен өткізіп, маманға жүктелген жеке жоспардың орындалуын байқаймыз. Егер де мемлекеттік қызметкер бүкіл тапсырмаларды уақытында орындаса, онда оның неге сыйақысыз қалғанын анықтаймыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН