Қазақстан-Иран іскерлік байланысы көкжиегін кеңейтпек. Ирандықтар біздің
елде жаңа инновациялық технологияларды дамытуды көздейді. Бұл туралы бүгін
Алматыда басталған Қазақстан-Иран бизнес форумында айтылды. Ядролық
бағдарламасына байланысты бірнеше жыл АҚШ пен Батыс елдерінен санкцияларға тап
болған Иран жуырда ғана шектеулерден босатылған болатын.
Олар әлемдік қаржы
дағдарысында дамыған елдермен экономикалық байланысты күшейту арқылы
дағдарыстан шығудың жолын қарастыруда. Осы тұрғыда Қазақстанмен әріптестікті
нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді. Иран капиталының қатысуымен Қазақстан
бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырмақшы. Бұған дейін мемлекеттер арасындағы
экономикалық байланыс тек мұнай мен сауда саласында жанданған болса, енді индустриалды-инновациялық
және көлік-логистика салаларына ойысуды жоспарлап отыр.
Вахид Ахмади, Иран Ислам республикасы
ғылым министрінің орынбасары:
Бүгіннен бастап екі елдің
іскерлік орталығының байланысы нығаяды. Олай дейтініміз «Инновациялық
технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағының іргесінен Иран орталығы
ашылды. Соған сәйкес екі ел компаниялары тәжірибе алмаса отырып, келешекте
инвестиция тарту арқылы келісімшарт жасасады. Біз де өз тарапымыздан
Қазақстанның бизнес өкілдеріне 5 мыңға жуық инновациялық компанияның басын
құраған Ирандағы экономикалық аймақтан алаңқай ұсынамыз. Сол арқылы
экономикамыз қарыштап дами түседі.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ