«Нұр Отан» партиясы «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауын
жариялады. Бәйгеде бақ сынауға өңірлердегі барлық бастауыш партия ұйымдарының
мүмкіндіктері бар. Қазіргі таңда саяси партия қатарында 860 мың мүше
бар. Елімізде әрбір тоғызыншы сайлаушы - «Нұр Отанның» мүшесі. Ал олардың
барлығы еліміздің түкпір-түкпіріндегі 5 700 бастауыш партия ұйымдарына
біріккен.
Бұл байқау алғаш рет өткізіліп отыр. Сайыстың басты мақсаттары -
үздік бастауыш партия ұйымдарын анықтап, олардың жұмыс тәжірибесін еліміздің
барлық өңірлеріне тарату.
Бүгінде Астана қаласында үш жүзден астам бастауыш
партия ұйымдары бар. Соның ішінде ең белсенділерінің бірі - «Жергілікті қамтуды
дамытудың ұлттық агенттігі «NADLoC» акционерлік қоғамының жанындағы «Нұр Отан»
партиясының «Дүние» бастауыш партия ұйымы. Компанияның 60 пайыздан астам
қызметкері партия мүшесі атанған. Құрылғанына екі жыл ғана бастауыш ұйымының
атқарған жұмыстары да аз емес. «Нұр Отан» партиясының жеке 12 жобасын
жүзеге асыруда өлшеусіз үлесін қосуда. Сондықтан байқауда бақ сынауға дайын.
Қайрат Бектүргенев, «Жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігі «NADLоC»
АҚ басқарма төрағасы:
Бастауыш партия ұйымын көзбояушылық үшін ашқан жоқпыз. Мақсатымыз әу бастан
айқын. Бірінші күннен партияның дамуына үлес қосу үшін белсенді жұмысқа
кірістік. Партияның жеке жобалары аясындағы іске асырылған әрбір іс-шара бір
күндік емес. Атаулы даталарда ғана емес, ай сайын ардагерлерге, әлеуметтік жәрдем қажет
ететін отбасыларға және балалар үйіне көмек көрсетіп отырамыз. Ал «Нұр Отан» партиясы жариялаған байқауға міндетті түрде қатысамыз. Үздік
екенімізді іспен дәлелдейміз.
Берік ХАСЕНОВ