Русский Сайттың толық нұсқасы

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға қысқарады

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2015
  • 1280

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы тамыздың бірінен бастап 40 мың қызметкерінің жалақысын 25 пайызға қысқартпақ. Бұл жайында бүгін кәсіпорын өткізген баспасөз маслихатында белгілі болды. Компания бұл әрекетін әлем бойынша көмір, металл, руда өндірісінде сұраныс азайғанымен, осының салдарынан өрескел шығынға ұшырауымен түсіндіреді.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының бас директоры Виджай Махадеванның айтуынша, Қытайдың арзан тауарының импорты артып, есесіне, Қазақстан металына деген сұраныс құлдырап тұр. Рубльдің құнсыздануынан Ресей зауыттары шығаратын өнімнің бағасы да төмендеген. Ал 2014 жылдан бастап бүгінге дейін Қазақстанның нарығына Ресей өнімдері ағылуда. Бұл «Арселор Миттал» компаниясының көмірі мен металына деген сұранысты мүлде төмендетті. Дағдарыстан шығу үшін компания алдымен еңбекақы қорын қысқартуды ұйғарған. Әйтсе де кәсіпорын басшылығы мұндай әдіспен қанша қаржы үнемдейтінін құпия ұстап отыр. 

Виджай Махедеван, « Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры:

Экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты жұмыскерлердің жалақысын 25 пайызға қысқартатынымызды Қазақстан үкіметіне ескерттік. Екі аптаға созылған келіссөздерден кейін ақыры осы шешімге тоқтадық. Бізге 10 мың жұмыскерді жұмыстан шығару қажет болды. Оның орнына барлығының жұмыс орнын сақтап, есесіне, жалақысын қысқартқанымыз жұмыскерлер үшін де тиімді деген келісімге келдік. Үнемделген қаржы бизнестің дамуына, компанияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жұмсалады.

Компанияның кеншілер мен металлургтердің жалақысын қысқарту арқылы өз бизнесін тұрақтандыру үшін жасаған қадамына жұмыскерлер әлден-ақ наразылық білдіруде. Олар алпауыт кісәпорынның экономикалық ахуалы соншалықты төмендеп кетті дегенге сенбейді. Сондықтан үкіметтен мәселенің мән-жайын тексеруді сұрап отыр.

Василий Билевич, металлург:

Бұл шаруамен үкімет тыңғылықты айналысуы тиіс. Жалақыны бұлай қысқарту дұрыс емес. Біздің қолымыздан не келеді? Бір жағынан жұмысымыздан айырылып қаламыз ба деп те қорқамыз. 

Айжан ҚУАШ