Русский Сайттың толық нұсқасы

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі: «Арселор Миттал Теміртау» кәсіподақтың келісімінсіз жұмысшылардың жалақысын қысқарта алмайды

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2015
  • 1562

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы басшылығы кәсіподақтың келісімінсіз жұмысшылардың жалақысын қысқарта алмайды. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлады. Кешегі жаңалықтарымызда «Арселор Миттал Теміртау» өз жұмысшыларының жалақысын 25 пайызға қысқартқалы отырғанын айтқан едік.

Бүгін құзырлы министрлік осыған байланысты баспасөз мәлімдемесін таратты. Онда «Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамы ұжымдық келісім шарттарын өзгерте алмауы салдарынан кәсіподақтың келісімінсіз жұмыскерлердің жалақысын 25%-ға төмендете алмайды» делінген.

Еңбек кодексінің 126-бабына сәйкес жұмыскерлерді еңбекке ынталандыру және төлемақы жүйесі ұжымдық немесе еңбек келісімшартының, сондай-ақ жұмыс беруші актісінің негізінде белгіленеді. Ал жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында жасалған еңбек шартында төлемақы көлемі мен өзге де шарттар көрсетілуі тиіс. «Бұл ретте ұжымдық және еңбек келісімінің шарттары біржақты өзгертілмейді»,  делінген жолдар бар министрлік таратқан хабарламада. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-дағы жағдайды бақылауды жалғастыратын болады. Және жұмыскерлердің еңбек құқығы бұзылмауы үшін барлық қажетті шараларды жасамақ.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ