Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бұл -біздің таулар» деген атаумен ОҚО қарасты Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық саябағы аумағында фестиваль өтіп жатыр

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2015
  • 3161

«Бұл -біздің таулар». Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық саябағы аумағында осындай атаумен үш күндік фестиваль өтіп жатыр. 

Туристік шара Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орайластырылған. Фестиваль шеңберінде Өгем тау жотасының шығысында орналасқан шыңдардың біріне «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы шыңы» деген атау беріледі. Биіктігі 3535 метр болатын шың басына бір топ альпинистер шығып ту тігіп қайтады. Таулар фестивалі аясында оңтүстіктегі шыңдарға бұған дейін де бірнеше атау берілген. 

Кеңесбай Исмаилов, ОҚО әкімдігі жанындағы спорттық-экологиялық туризмді дамыту және экологиялық тәрбие жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы:

Басында ақ тасы бар деген тау еді ол. Соның аты жоқ. Биіктігі - 3535 метр. Соның басына шығып, сол жерде ту тігіп, арнайы хатты тастап, осы тауды біз «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» деген ат бердік, деген хатты қойып, сол жерде, солардан кейін көтерілетін альпинистерге белгі болсын деп. Ертеңгі күні, құдай қаласа, аман-есен қайтып, осы фестиваль өтетін орынға қайтады олар.

Ерлан Айтаханов,Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Бұның бәрі нені көрсетеді - біздің еліміздегі ынтымағымыз әрі қарай дамып келе жатқаны. Көптеген жетістіктеріміз осы біздің бірліктің, ынтымақтың арқасында деп айтамыз. Келешек ұрпаққа да айтарым, біздің еліміздегі ең терең байлық - ол біздің көпұлтты, көп этносты халқымыз - біздің байлығымыз.

«Мақсат -тәуелсіз Қазақстандағы көпұлтты халықтардың бірлігін нығайту», - дейді фестивальді ұйымдастырушылар. Сайрам шатқалында өткізіліп жатқан тау фестивалінің тағы бір көздегені - еліміздегі ішкі туризмді дамыту. Үш күндік шара аясында сурет салу конкурсы өткізіліп, авторлық әндер шырқалатын болады. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ