Ақтөбеде маусымның бесінде 3 нүктеде болған шабуылды билік терактілер деп мойындады. Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы – қызыл деңгейі, ал Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі жарияланған.
3 әскери, 4 бейбіт тұрғын опат болды.
Ақтөбедегі терактілерге байланысты Президенттің сәрсенбіде жасаған мәлімдемесінен:
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қымбатты
отандастар! Өткен жексенбіде Ақтөбе қаласында діннің атын жамылған бір топ
террорист елдің тыныштығын бұзды. Ол туралы баршаңыз білесіздер. Бірақ мұсылман
қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталар сәтте қанды қылмыс жасағандардың арам
ниеттері іске асқан жоқ. Құқық қорғау және қауіпсіздік қызметтерінің
қызметкерлері үлкен қатердің бетін қайтарды. Террористердің көпшілігінің
көздері жойылды, бірқатары қолға түсті, қалғандарын тиісті органдар іздеп
тауып, олар заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатын болады. Қазір
халықтың алаңдауына ешбір негіз жоқ, жағдай толық бақылауға алынды.
Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл
айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер Отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі
жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты
бағаланатын болады..
Тәуелсіздікті жариялау бар, ал оны қорғап, нығайту және
дамыту одан да жауапты іс. Ел бірлігі, ішкі тыныштық сол үшін керек. Мен мұны
ылғи айтып келемін. Ел ішіне бүлік салудың, «түсті революциялардың» талайын
басқа елдерден көріп, біліп отырмыз. Ол лаңкестік әрекеттерден, көшеге шығып
шулаудан басталады. Одан конституцияға қарсы шығады да, аяғында мемлекет
күйреп, халық аш-жалаңаш қалады. Мұның бәрін біз көріп, біліп, байқап отырмыз.
Біріншіден, біз кез-келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды
қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек.
Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет. Екіншіден,
елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесуіміз қажет. Ел
тыныштығын сақтамасақ, мынадай әлемдік дағдарыстан өте алмаймыз. Сондықтан
барша халық болып бірігіп, елді сақтауды ойлауымыз керек.
Ел іші бүтін болмаса, ел де болмайды. Қазір - нағыз елім, жерім деген
отансүйгіштікті көрсететін уақыт. Халқымыздың қауіпсіздігі мен тұтастығы үшін
бәріне де дайын екенімізді көрсететін кез келді. Қауіпсіздік пен
тұрақтылық,бейбітшілік пен келісім - ең басты байлығымыз. Біз тәуелсіздігіміздің
тірегі болған бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтаймыз. Мен Қазақстан
халқы дүниедегі дағдарыс және бүгінгідей жауапты шақта тағы да барша әлемге
елдігі мен бірлігін паш етеріне сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қайдан шыққаны белгісіз жол
полициясы көлігі пайда болып, жолды жапты. Құқық қорғау органдарының
қызметкерлері атып-атып шықты. Бірден атыс басталды. Автобуста отырғандар
айқай-шу мен тарсыл-гүрсілден естерінен танып қалды. Ал мен қауіпсіздік
белдігін ағыта алмай әлек болдым. «Қашыңдар» деп айқайлағаным есімде. Қасымда
келіншегім (кондуктор болып жұмыс жасайды) бар еді, соны қараймын айнала. Бар
ойым: соған оқ тимесін, сол аман қалсын. Ол сәтте өзім туралы ойламадым.
Бұл лаңкестер кепілге алған автобустың жүргізушісі
32 жастағы Мұрат Исекешовтің сұхбатынан.
Мұрат Исекешов, автобус жүргізуші:
Көлікті кепілге алғаннан кейін олар жолаушыларды бірден босатты. Келіншегім Айгүл мені де босатуларын сұрады. Бірақ лаңкестер оған қаруларын кезеніп, қашуын талап етті. Менің шекеме автоматты тақап, әскери бөлімге баруымды бұйырды. Еш тоқтамай, жолда кезіккендердің барлығын баса-көктей алға жүруімді талап етті. Бірақ мен олай істемедім... Тоқтай салысымен ата бастады, мен автобустың артқы есігінен шығып, сытылдым, оқ атылып жатты, забор болмағанда маған да тиер ме еді... Осындай сұхбат жариялана салынысымен, Мұраттың Қобдадағы аудандық ауруханаға жатқызылғаны хабарланды...
Ал Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Айдаркөл ауылының тумасы 19-ға да толмаған – туған күні 25-қазан, Досбол Еркінбекұлы Сапар жаңағы автобусты басып алып, 6655 әскери бөлімге баса көктеп кірген терроршылардың оғынан опат болды. Әскери бөлімді күзетіп тұрған жерінде.Досболдың фотосына қараңызшы, бала әлі...
Бейсенбіде ел Досбол тәрізді лаңкестердің қолынан опат болған азаматтарды аза тұтты.
Олар: Даниел Ақарысұлы Майлыбаев, 6655 әскери бөлімінің офицері, ҰҚК әскери қарсы барлау департаментінің қызметкері, 1975 жылы Қызылордада туған. Алматыдағы ҰҚК әскери институтын бітірген. Ақтөбедегі қызметіне дейін ішкі әскер комитетінде, ҰҚК әскери қарсы барлау құрылымында бірнеше қалада қызмет еткен. Артында 4 баласы қалды. Отбасы Алматыда тұрады.
Берік Ерланұлы Қалиев, Батыс Қазақстан облысында 1978 жылы дүниеге келген. 6655 әскери бөлімінде келісім-шарт негізінде қызмет етті. Оның да соңында 4 баласы қалды, отбасы Орал қаласында тұрады.
Даниелде қару да болмаған, Берік соңғы оғы қалғанша шайқасқан...
Мұхамбетқали Сатов, ҚР Ұлттық Ұлан қолбасшысының орынбасары, генерал-майор:
Практически он принял неравный бой. Их было порядка 17 человек, вооруженных преступников которые зашли на территорию части, где мы сейчас с вами стоим и вот они атаковали вот эти наши склады. Арт-тех вооружения, которое сзади и хотели захватить склад с оружием и боеприпасами. Но личный состав караула выполнил поставленную боевую задачу.
Максименко Андрей Владимирович, 1972 жылы туған, «Паллада» қару-жарақ дүкенінің сатушысы. Ақтөбе тұрғыны.
Онищенко Николай Александрович, 1947 жылы туған,"Паллада" дүкенінің жанында болған. Ақтөбе тұрғыны.
Тәжібаев Мерхан Есенбайұлы, 1983 жылы туған, «Күзет» жекеменшік күзет қызметінің қызметкері, Ақтөбе тұрғыны, соңында екі баласы қалды.
Матросов Михаил Витальевич, 1981 жылы туған, «Пантера» қару-жарақ дүкенінің жанында болған, Ақтөбе тұрғыны, артында ұлы қалды.
Аза тұтқан түні 6655 әскери бөлімінің жараланған сарбазы – Еламанның анасы мынадай сөздер айтты:
Жәмилә Хасанова:
Елінің амандығын тілеп
жүрсін деп, Еламан деп есімін қойып еді. Есіміне лайықты боп, елін қорғап.