Русский Сайттың толық нұсқасы

Астаналықтар Хиросима мен Нагасаки қасіретінен зардап шеккендерді еске алды

  • AstanaTV
  • 06 тамыз 2015
  • 2325

Хиросима мен Нагасаки қасіретіне биыл 70 жыл. Қолдан жасалған апаттың құрбандарын бүгінде Жапониямен қатар бүкіл әлем еске алуда. Қазақстан да солардың қатарында. Астанадағы «Отан Ана» монументі алдына бірқатар қоғам қайраткерлері, депутаттар мен қала тұрғындары жиналып, атом бомбасынан зардап шеккен жандарға тағзым етті.

Жапония - атомның орасан зиянын әлемде алғашқы болып бастан кешкен ел. 1945 жылдың тамызында  Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасы жүз мыңнан астам жазықсыз жанның өліміне себеп болды, адамзат қауымын қатты түршіктірген алапаттың ызғары арада жылдар өтсе де, еш ұмытылмақ емес. 

Қазбек Қаскенов, «Нұр Отан» партиясы ақпараттық-насихат тобының мүшесі:

Жапонияның бұл қайғы-қасіреті барша әлемнің есінде болуы тиіс. Әсіресе жастарға атом бомбасынан төніп тұрған қауіптің бар екенін түсіндіруіміз қажет. Біздің акция осы мақсатта өткізіліп отыр. Президенттің жарлығымен Қазақстан атом полигонын жапқан алғашқы ел. Біз оны мақтан тұтамыз. Және басқа елдерге де үлгі болар деген үміттеміз. Бүгін біз Жапония елімен бірлесіп, осы зұлматтан зардап шеккендерді еске алдық.

Ал Қазақстан - әлемде өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан бірінші ел. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында біздің делегация ядролық сынақтарға қарсы күрестің Халықаралық күнін ұсынып, оны 29 тамызға белгілеген. Осы жағдайдың өзі бұл екі елді бір біріне жақындастыра түсуде.

Ясуми Цукуда:

Бомбалау кезінде, әкем мен әпкем қалада болған. Екеуінен де айырылдым. Ол кезде мен 8 жаста едім. Қазір 80-нен астым. Ғұмыр бойы бейбітшілік болсын деп тілеп келемін. Ондай зұлмат қайталанбасын.

Жұрағат БАМАН