Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ашылған жаңа Мұз сарайын аралады. Кешеннің
инфрақұрылымымен танысқан Мемлекет басшысы оның елордада спорт кластерін дамыту
және қысқы спорт түрлерін ілгерілету үшін маңызды екенін атап өтті. «12
мың көрерменге есептелген әлемдік деңгейдегі сарай спортшыларды
жігерлендіреді. Жанкүйерлерді қуантып, бірегей жарыстар өткізетінімізге
сенімдімін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мұз сарайының салтанатты ашылуынан
кейін Президент кубогі жолындағы турнир
бастауын алды. Жергілікті «Барыс» хоккей командасы өз алаңында ресейлік
Новокузнецк қаласынан келген «Металлургті» қабылдады.
Хоккей
жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ. Әдетте лық толы «Қазақстан» спорт сарайына
сыймай әлек болатын фанаттар, енді 12 мың көрерменге есептелген, Хоккей
академиясы мен Олимпиадалық бассейні бар жаңа стадионда емін-еркін ойын тамашалайтын мүмкіндік алды.
Жаңа
нысанды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашты. Қазақстан Президенті, Мұз
сарайында өңірлік және халықаралық турнирлер, концерттер мен өзге де шаралар
өткізу қызметі есебінен кешеннің өзін өзі ақтауына қол жеткізу қажеттігін, бұл
әлемдік тәжірибеге сай екенін, атап өтті.
Нұрсұлтан
Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз
спорттың қысқы түрлерін дамытуымыз керек. Соған бейімделген жұрт бар,
жастарымыз бар. Қысымыз ұзақ болады, сондықтан қыс ойыны жағынан, қыс спорты
жағынан біз алдыңғы қатарда болуымыз керек. Мына жерде 12 мың адам отыратын
үлкен стадион салынды. Бұнымен қоса, бұл стадионның ішінде тек ғана мұз ойыны -хоккей емес, басқа да - волейбол, баскетбол, теннис секілді барлық ойындар
ішінде жүргізуге болады. Бұл елімізге деген, Астанамызға деген сыйлық деп санау
керек.
Салтанатты
ашылудан кейін, мұз айдынына астаналық «Барыс» пен Новокузнецк қаласының
«Металлургі» шықты. Қазақстан
Президентінің кубогі жолындағы дәстүрлі турнирді тамашалауға
келгендердің әдеттегідей қарасы мол.
Кездесуде алғашқы болып қонақтар есеп
ашты. Тоғызыншы минутта соғылған шайбаның авторы - Роман Бердников. Десе де,
астаналық хоккейшілер бірінші кезеңнің соңына дейін есепті теңестірді.
Қарсыластың қақпасына шайба соққан «Барыстың» үздік шабуылшыларының бірі -
Брендон Боченски.
Ерлан
Сағымбаев,
«Барыс» ХК бас жаттықтырушысы:
Менің ойымша, ойын
жанкүйерлердің көңілінен шықты. Жаңа мұз сарайының ашылуына орай, біз
көрермендерге жеңіс сыйлағымыз келді. Бұл біздің жаңа маусым алдындағы алғашқы кездесуіміз.
Жігіттердің бәрі жақсы өнер көрсете білді.
«Барыс»
хоккейшілері өзінің жаңа алаңында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Есеп 4:2.
Шайбаның авторлары - Найджел Доус пен Талғат Жәйләуов. Биылғы маусымнан бастап
бас бапкерлікке тағайындалған Ерлан Сағымбаев та бірінші ойынның сәтті
аяқталғанына қуанышты екенін жасырмады. Астаналық «Барыс» енді келесі ойынын
Ханты-Мансийск қаласының «Югра» командасымен өткізеді.
Анна ЖУРБА, Жұрағат БАМАН