Қазақстан
мен Қырғызстан азаматтарына ешбір кедергісіз шекарадан тауар алып өтуге
мүмкіндік туды. Бүгін екі ел арасындағы «Қордай» және «Ақ жол» кеден
бекеттерінде бақылауды алып тастау рәсімі өтті. Оған Нұрсұлтан Назарбаев пен
Алмазбек Атамбаев қатысып, өзара келісімді бекітті. Осының нәтижесінде көрші
елмен қарым-қатынас нығайып, сауда-саттық одан әрі ұлғая түседі, - деді Елбасы.
Енді қазақ-қырғыз шекарасында тауарлар мен көлік құралдарына кедендік алымдар
жүрмейді. Тек фито-санитарлық қадағалау жалғасатын болады. Тараптар арасында
ашық сауда айналымы мен кедергісіз коммерциялық байланыс беки түспек.
Ыстықкөл жағасындағы «Рух-Ордо»
мәдени орталығында Қазақстан мен
Қырғызстан президенттері кедендік бақылауды алып тастауды қарастыратын рәсімге
қатысты. Екіжақты
экономикалық қарым-қатынас талқыға түскен сәт телекөпір арқылы жүрді.
Президенттер «Қордай-Ақжол» кедендік бақылау бекетімен тікелей байланысқа шығып
бақылауды алып тастау туралы бұйрық берді.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан мен Қырғыстан
сауда-саттық жөнінен де жоғары тұрған ел. Қазірдің өзінде Қазақстаннан
Қырғызстанға келген инвестиция 1 млрд долларға жетті. 50 біріккен мекеме жұмыс
істейді. Ферросплавный зауыт салуға қазір әрекет жасап жатырмыз. Мынау
Ыстықкөлге Қазақстаннан келетін туристерге барлық жағдай жасау үшін, қысқа
жолдың мәселесін қарайтын боламыз. Болашақта электр энергия жүйесін бірге шешу
үшін, су мәселесін екі елдің арасында талассыз бірге шешу үшін, бүгін біз келіссөздер
жүргіздік.
Қырғыздың
мұндай маңызды қадамға баруына Қазақстан көмектесті. Одақ құрамына енген
Қырғызстанның ұтары не? Бұл ретте Қырғызстанның премьер-министрі Темір Сариев 4
бірдей мүмкіндікті айрықша атап өтті.
Темір
Сариев, Қырғызстан Республикасының премьер-министрі:
Алдымен,
қырғыздар тауар тасымалы, капитал айналымында кедергі көрмейді. Екіншіден, инвестицияның игілігін тартады. Яғни көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика саласында
жаңа жағдайда жұмыс жасап, жарқын жобаларды жүзеге асыра алады. Үшіншіден, қырғызстандық азаматтар одаққа мүше 5 бірдей елде сол мемлекеттің азаматтарымен
тең дәрежеде жұмыс істей алады.
Қазақ-қырғыз шекарасының жалпы ұзындығы
716 шақырымды құрайды. Онда 7 кедендік бақылау бекеті бар. Жамбыл облыстық
мемлекеттік кірістер департаменті өкілінң айтуынша, былтыр бекеттер арқылы 12
миллионға жуық адам қатынаған. Алдағы уақытта ары- бері өтушілер саны арта түспек.
Бірақ бұл шекаралық бақылау бетімен
кетеді деген сөз емес. Тек салық
салынбайды. Бұған дейін шекарадан өтуші азамат жүгінің салмағы 50
келіден асса, әр келісіне 4 евро төлейтін, енді бұл төлем алынып тасталады.
Данияр
Әлімқұл, тілші:
Қазақ пен қырғыз қарым-қатынасында енді кедендік кедергі,
шекаралық шектеу мүлдем болмайды. Өйткені айыр қалпақты ағайын ЕАЭО құрамына бесінші ел ретінде иек
артып, қатармызға қосылды. Бұл деген сөз екі ел арасында алыс-беріс,
барыс-келіс, ашық сауда айналымы артады деген сөз. Қазірдің өзінде бұл
көрсеткіш 1,5 млрд долларды құрап отыр. Осы орайда екі елдің басшылары арнайы
келісімдерге келіп, қазақтар тарапы сауда-саттық мол болсын деп, қырғыздар шоң
болсын деп тарасты.
Данияр
ӘЛІМҚҰЛ