Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан өңірінің өрт сөндірушілері Зайсан ауданында тілсіз жаумен күресуде

  • AstanaTV
  • 13 тамыз 2015
  • 2944

Шығыс Қазақстандық өрт сөндірушілер екі тәуліктен бері Зайсан ауданында орын алған тілсіз жаумен күресуде. Соңғы ақпаратқа сәйкес, қызыл жалын жалмаған аумақтың жалпы көлемі 500 гектардан асып кеткен. Өрт бүгінде осы аудандағы Айнабұлақ ауылы маңында өршіп тұр. Абырой болғанда, жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Бүгінде ауылдардың айналасы мен жайылымдардың төңіріндегі жерді жырту қолға алынды. Зайсандағы өрт сөндірушілерге Тарбағатай, Күршім және Көкпекті аудандарынан мамандар көмекке келген. Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдайдың шығуына егін жинау кезінде отты пайдалануда сақтық шараларының ұмыт қалуы себеп болған. 

Анастасия Скляр, ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің инспекторы:

Жалынды ауыздықтауға жеке құрамның 133 қызметкері мен 14 техника жұмылдырылған. Өрт сөндірушілерге жергілікті билік пен орман шаруашылығы өкілдері қол ұшын беруде. Барлық күш сол аймаққа бағытталған, әзірге тұрғындарға төнген қауіп жоқ. Зардап шеккендер тіркелмеді. Қатты жел жағдайды қиындатып тұр.

Облыс орталығында да тілсіз жау көптеп тіркелуде. Күн сайын мамандар қалаға жақын маңдағы ормандар мен далада шыққан өртті сөндіріп, ауыздықтауда. Темекі тұқылы құрғақ шөпке тиісімен тұтанады. Осыны ескерткен өрт сөндірушілер тұрғындарды қырағы болуға шақырады. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ