Русский Сайттың толық нұсқасы

Асқар Мырзахметов: «Нұр Отан» партиясы қызметінің барлық маңызды бағыттары бойынша жұмысты күшейту қажет

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2015
  • 1323

«Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейту арқылы қазақстандықтардың мәселелерін шешуді мықтап қолға алатын болады. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов өткізген алғашқы селекторлық кеңесте айтылды. Партия қоғаммен байланысты нығайтумен қатар, басты  бағдарлама - жемқорлықпен күресті әрі қарай жалғастырады. Толығырақ Азамат Алдоңғаровтың материалында.

Елбасы жүктеген осынау маңызды тапсырмаларды орындаудың жоспары партияның селекторлық кеңесінде айқындалды. Партия төрағасының бірінші орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды тиянақты жүзеге асыру үшін жаңа әрі нақты міндеттерді белгіледі.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Нұр Отан» партиясының атқаратын қызметі - ол бюджеттің тарапынан, мемлекеттік мекемелердің тарапынан атқарылып жатқан әртүрлі бағдарламалардың орындалуын бақылау әрі бағалау. Егер де біз осыны жүйелендіретін болсақ, осыны жолға қоятын болсақ, осының тиімділігін арттыратын болсақ, онда халықтың партияға деген көзқарасы өзгереді, халықтың билікке деген көзқарасы өзгереді, сенімі артады.

Партия жастар саясатының сапасын арттыруды көздейді. Жиын барысында жастар қозғалысының ел тіршілігіне етене араласуы туралы айтылды. Яғни олар  жаңа сапалық мазмұнға ие нәтижелі жұмыстармен айналысуы керек. Осыған орай «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын жетілдіру мақсатында өңірлердегі «Жас Отан» белсенділерінің жаңа бағыттағы жұмыс жоспарлары мен тың идеяға толы ұсыныстарын жинауға бір ай мерзім белгіленді. Бұл міндет өңірлік филиал басшыларына жүктелді.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Мемлекеттік мекемелердің тарапынан бүгінгі таңда жастар саясатына байланысты атқарылып жатқан барлық бағдарламаларды зерттеу, талдау. Зерттеп, талдағаннан кейін барып, оның қаншалықты тиімділігін анықтау. Қаншалықты олар дегеніне жетіп жатыр? Қаншалықты орындалып жатыр? Яғни бақылау, бағалау. Одан кейін осы бағдарламаларды іске асыруға байланысты, соған белсенді түрде атсалысу.

«Жыл өткен сайын қоғамдық қабылдауларға мұң-мұқтажын айта келушілер арта түсуде. Бұл «Нұр Отанға» деген халық сенімінің бір көрсеткіші. Алайда, істің нәтижелілігін келіп түскен өтініштер көлемімен ғана емес, қарапайым тұрғындардың мәселесі қаншалықты түбегейлі шешімін тапқанымен өлшеуге тиіспіз. Ол үшін арыз-шағымдардың түп-төркініне үңілген жөн», - деді партия төрағасының бірінші орынбасары. Яғни белгілі бір өтініш қандай себеппен түсті, қай органның жұмысындағы кемшілік - осы жағы анықталып, соған сай халықтың мәселесін нақты шешу тетіктері іске асырылатын болады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ