«Қазақстан қиындыққа душар болған көптеген
мемлекетке көмек көрсетті. Сербияның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын
қолдағаны үшін, бұл елге және оның басшысына шексіз ризамын». Бүгін елімізге ресми сапармен келген Сербия
президенті Томислав Николич осылай деп ағынан жарылды. Ал Мемлекет басшысы
Нұрсұлтан Назарбаев сын сағатта көмекке әзір екенін тағы бір дәлелдеді. Шетелдік
әріптесіне техника тілін игеру бойынша сабақ берді. Ақордадағы ресми кездесу
құрметіне ұйымдастырылған баспасөз отырысы басталар алдында Елбасы шетелдік
әріптесіне аударма техникасымен тіл табысуға көмектесті.
Бұл Сербия президентінің
Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан
басшысы екі ел арасындағы сауда-саттық әлеуетінің толыққанды пайдаланылмай
отырғанын айтты. Өткен жылы қазақ-серб алыс берісі небәрі 14 млн долларды
құраған. «Қазіргі ауыр экономикалық жағдайда екі елдің
сауда-саттық бойынша қарым-қатынасын күшейтпек керек»,
- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі жағдайда сауда-саттық төмендеп тұр. Еуропадағы біз үшін маңызды
елдердің бірі болып саналады. Сербия мемлекетімен біздің қарым-қатынасымыз ауыл
шаруашылығы, фармацевтика, денсаулық сақтау, құрылыс мәселелері және өңдеу
жөнінде, транспорт, коммуникациялар жөнінде қарым-қатынас жасауға болады.
Кездесу қорытындысы бойынша екі ел үкіметі арасында халықаралық
көлік қатынасы және табыс пен капиталға қосарланған салық салмау туралы
келісімдерге қол қойылды. Сербия басшысы сондай-ақ Косоводағы Сербияның мәдени
мұрасын сақтап қалу бойынша Қазақстан басшысынан көмек сұрады. Айта кетейік,
екі елдің экономикалық әріптестігін ширату мәселелері жақын арада өтетін
үкіметаралық экономикалық комиссияның кеңесінде талқыланады.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ