Русский Сайттың толық нұсқасы

Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып өтті

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2015
  • 1382

7 минут 29 секунд. Парламент палаталарының бірлескен отырысы, яғни биылғы саяси маусымның ашылуы осыншама уақытқа созылды. Отырысқа 47 сенатордың 44-і қатысты. Ал Мәжілістегі 107 депутаттың 104-і осы жиыннан табылды. Қазірдің өзінде депутаттардың қарауына 60 шақты заң жобасы келіп түскен. Президент мемлекеттік сапардан оралған соң, өз тапсырмасын беріп, жоспарымен бөліседі деді, мәжіліс төрағасы. 

Қыркүйек келді дегенше, сол жағалаудағы саяси қарбалас басталды дегейсің. Ала жаздай демалыста болған депутаттар да, оқушылар іспетті, бүгін жұмыс столдарына жайғасты. Сессияның ашылуына әдеттегідей Президент қатысқан жоқ. Мемлекет басшысы Қытайда іссапармен жүргені белгілі. Сондықтан жаңа маусымды Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыповтың өзі ашты.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бүгін Парламенттің бесінші сессиясы өз жұмысын бастады. Каникул кезінде жақсы тынығып, аймақтардағы сайлаушылармен кездесіп қайтқан боларсыздар. Ал енді қазіргі таңда біздің алдымызда Елбасының тапсырмаларын орындау жөніндегі орасан зор қауырт әрі жауапты жұмыс тұр.

Бұған дейін талай саяси маусымның тұсауын кескен тісқаққан тілшілер бұл Параламент тарихындағы ең қысқа ашылу салтанаты деп бағалап жатты. Ал депутаттар жұмысқа асық екендерін айтады.

Гүлжан Қарақұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Перед нами поставлена задача - в кратчайшие сроки качественно проработать законопроекты с тем, чтобы с 1 января мы могли приступить к реализации 100 шагов.

Халық қалаулылары демалып жатқанда елімізде күтпеген экономикалық жаңалық болғаны белгілі. Ұлттық банктің теңгені еркіне жібергенін, Айгүл Соловьева ауылда сайлаушылармен кездесіп жүргенде естіген. Айтуынша, ауыл адамдары бұл жаңалыққа бәлендей таңырқамапты.

Айгүл Соловьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Ауылдағы адамдар барлығы ешқандай сұрақты қойған жоқ. Олар айтады - біздің малымыз бар, оған тамақ беретін мүмкіншілік бар. Мен бірнеше рет сұрадым. Біздің жұмыс қалай? Басқа сұрақтар болған жоқ. 

Ал коммунист Тұрсынбек Өмірзақов каникул кезінде АҚШ-ғы қайнаған капиталистік өмірді өз көзімен көріп қайтқан. Әйгілі «Силикон алқабында» болып, ірі қаржы орталықтарының жұмысымен танысыпты. Көрген-білгенімен, Астананы қаржы орталығына айналдыру үшін, бөлісуге әзір.

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халықтық коммунистер» фракциясының мүшесі:

Нью-Йорктегі финансовый центрде, биржасында болдық. Өйткені 2017 жылы біздің Астанада финансовый центр ашылады. Ол қалай жұмыс істейді, оны біз қалай көтеруіміз керек? Сондай жағдайдларды көріп, біліп қайттық. Сондай жерлерге әйеліммен барғанда, мен дүкенге бармаймсын. Әйелім керек нәрселерді өзі сатып алады.

Нұртай Сабилянов болса, жазғы демалысты ауылдағы ағайын арасында өткізген. Жаңа маусымда мәжіліс мінберінен көтеретін біраз проблемаларға сол жақтан қанығып қайтқанға ұқсайды.

Нұртай Сәбилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Ең бірінші, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, екінші, ауыл шаруашылығын дамыту. Өйткені көптеген жерлерде шаруа қожалықтарымен кездескенде, өнім өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Жалпы аулыл шарушылығына ерекше назар аударуды сұрап жатыр. Осы мәселені қарастыруымыз керек.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Тағы бір айта кетерлігі - жазда Паралментте біраз ауыс-түйістер болып үлгерді. Жоғарғы палатада Ерлан Нығматуллин мен Серік Нөгербековтер депутаттық мандаттарын тапсырды, орнына Рашид Түсіпбеков сенатор креслосына жайғасты. Ал төменгі палатаға депутат болып Қанат Саудабаев келді.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ