Ақтауда «AKTAUOPENFEST 2015»
халықаралық жастар фестивалі өтті. Теңіз жағасындағы шаһардың
тұрғындары үш күн бойы тамашалаған байқауға Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан мен
Түркіменстаннан келген 300-ге жуық спортшы қатысты. Олар стритбол, паркур, брейк-данс,
баскетбол сынды спорт түрлерінен бақ сынады.
Фестивальге Франциядан арнайы
шақыртылған мамандар төрелік етті. Мұндай іс-шара биыл үшінші жыл қатарынан
өткізіліп отыр. Байқау заманауи спорт түрлеріне қызығушылардың басын қосуымен
ерекше.
Самсон
Аракелян, байқауды ұйымдастырушы:
Мұндай ауқымды шараларды
өткізуге тек Астана мен Алматы қалаларының мүмкіншілігі бар. Дегенмен, Ақтау қаласында осындай тамаша фестивальдің ұйымдастырылуы
Қазақстанның ғана емес, ТМД елдерінің де беделін көтереді.
Брейк-данстан өткен «Caspian
battle 2015» бәсекесі Каспий жағалауына жиналған халықтың айрықша ықыласын
туғызды. Ептілік
пен асқан төзімділікті талап ететін бұл спорт түрінен бақ сынауға келген
адамдардың қарасы қалың. Себебі жарыс жеңімпаздары Оңтүстік Кореяда өтетін әлем
біріншілігіне жолдама ұтып алады. Байқау қорытындысы бойынша елордалық
«23 стайл» ұжымы үздік шықты. Енді олар ел намысын халықаралық аренада
қорғайтын болады.