Русский Сайттың толық нұсқасы

Еңбек кодексінің жобасы бүгін Мәжіліс депутаттарына таныстырылды

  • AstanaTV
  • 03 қыркүйек 2015
  • 1134

Біршама уақыттан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқан Еңбек кодексінің жобасы бүгін Мәжіліс депутаттарына таныстырылды. Маңызды құжатты әзірлеген ведомствоның жетекшісі Тамара Дүйсеноваға сұрақты қарша жаудырған депуттардың көпшілігі заң жобасын сынға алды. Оған басты себеп - азаматтардың демалыс және мереке күндері істеген жұмысы үшін еңбекақыны азайту мәселесі болып отыр. Қолданыстағы Еңбек кодексіне сай, белгіленген жұмыс сағатынан артық еңбек еткен адамға белгілі бір мөлшерде қосымша ақша төленеді. Ал, жаңа кодекс бойынша бұл төлемақының көлеміне өзгеріс енгізілмек.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрi:

Бұл шаралар, біріншіден, жұмыс берушінің шығындарын азайтады. Екіншіден, олар қосымша жұмысқа қызметкерлерді тек олардың келісімімен ғана тартуға міндеттеледі. Егер жұмысшы артық еңбек сағатынан немесе артық еңбек күнінен бас тартса, бұл жұмыс берушінің жалақыны көтеруіне және жұмыс жағдайын жақсартуына жол ашады.

Жаңа Еңбек кодексі жобасында қызметкерді жұмыстан шығарудың шарттарына қатысты да өзгерістер баршылық. Осы ретте жұмыстан қысқарту себептері, мүгедектер мен өмірге қауіп төндіретін өндірісте еңбек ететін жандардың заңды демалыс күндерінің қысқаруы - депутаттар тарапынан түсінбеушілік тудырды.

Айта кетейік,  Еңбек кодексінің жобасы бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты  қадамда қарастырылған еңбек қатынастарын ырықтандыруды жүзеге асыру аясында әзірленді. Енді Мәжіліс депутаттары таяу арада бұл заңды мақұлдауы қажет.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бірақ, өкінішке орай, кешірек әкеліп отырсыздар және соны тұмсығынан сүйреп, бір айда алып шығамыз деген кішкене налытады. Мүмкін, үлгерер енді. Депутаттар жұмыс істейтін болып отырмыз ғой.

Берік ХАСЕНОВ