Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлыбритания 15 мыңдай сириялық босқынды қабылдамақ

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2015
  • 815

Ұлыбритания сириялық 15 мың босқынды қабылдамақ. Бұл туралы «The Sunday Times» басылымы хабарлайды. Премьер-министр Дэвид Кэмерон азаматтық соғыстан бас сауғалаған мыңға жуық қашқынға шекараны ашатындарын мәлімдеді.

Айта кетерлігі, Еуроаймаққа қарай ағылған босқындар саны артып барады. Ресми мәліметке сүйенсек, батысқа 350 мыңға жуық мигрант қоныс аударған. Сарапшылар пайымынша, жыл соңына дейін бұл сан миллионға жетуі мүмкін. Австрия, Венгрия, Германия, Македония сынды өзге де батыс елдеріне азаматтық соғыстан мезі болғандар лек-легімен жетуде.

Австрия билігі босқындарды қабылдайтын арнайы квота шығармақ. Рим папасы католиктерді қашқындардың отбасын қабылдауға шақырды. «Германия болса, пана сұраған өзге елдердің азаматтарын орналастыруға 10 млрд еуро бөлуді жоспарлап қойған», - деп жазады жергілікті ақпарат құралдары.

Айгүл ӘДЕПБАЙ