Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысында жұмыс сапарымен жүр

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2015
  • 1459

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды. Президент жиын-терім науқанына дайындықтың жай-күйімен танысып, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен кеңес өткізді. Басқосуда еліміздің солтүстік өңірлеріндегі агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды. Елбасы осы жиында бензин бағасына қатысты да түсінік берді. «АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин бағасына мемлекеттік реттеуді алып тастауды дұрыс қабылдауымыз керек. Бұл бензинді Ресейден сатып аламыз. Мұндай қадамға бармасақ, бір айдан соң мүлде бензин болмас еді. Бұл  - экономика заңы, оған еш шара қолдана алмайсың, - деді Мемлекет басшысы. Қазір Ақмола облысында жүрген тілшіміз Мөлдір Бақытқызы бізбен телефон арқылы байланысқа шығуға әзір. Алқалы басқосуда тағы қандай мәселелер көтерілді?

Ауыл шаруашылығында трансұлттық компаниялардың қатысуымен қолға алынатын 15 ірі жобаның алтауы осы 3 өңірде іске асады. Сондай-ақ бүкіл Қазақстан бойынша шаруаларға берілетін субсидияның 3/1 осы аймақтарға тиесілі. Аграрияға қатысты  еңбектер бүгін  3 әкімге жүктелгені тегін емес. Орақ науқаны ойдағыдай өтіп жатыр деп есеп берген соң, олар Президент тапсырмасына құлақ түрді. Бізде аграрияның даму деңгейі Ресей мен Белоруссиядан 2 есеге төмен. Ал Канада, АҚШ, Австралия секілді елдерден 10 есе кенже қалған, - дейді Назарбаев. Көршілерге 20 миллиард долларға азық-түлік саудалауға болады. Ішкі сұраныс 4,5 млрд доллар. Демек, тұтынушы бар. Бірақ ұлаңғайыр алқап ұқсатылмайды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Біз басты ресурс - жерді тиімсіз пайдаланудамыз. Тек сіздердің облыстарыңызда ғана пайдаланылмайтын 3,5 млн гектар жер анықталды. Жалға алған, бірақ пайдаланбайды. Бұған жол беруге болмайды. Жалпы, еліміз бойынша 14 млн гектар - ауыл шаруашылығы жері, оның ішінде 5 млн гектар жайылым жер пайдаланылмайды.

Мәселен, арабтардың егістік алқап сұрап жүргендеріне біраз болған. Ғылымның соңғы жетістігін пайдаланып, жердің жемісін көреміз деп, олар біздің Президентті қолқалаған. Бұдан былай жер телімін тиімсіз пайдаланушылар тақырға отырады. Министр Мамытбеков, аудан бойынша 3 жыл қатарынан ортадан төмен өнім алған шаруаның жер телімі мол өнім жинаған шаруаға өтетіні туралы заң шыққанын, жеткізді. Президент оларды бұрынғыдай «колхозник» емес, «өнім өндіруші» деген дардай атқа иесіңдер деп қайрады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Бұл қиын кезең баршамыз үшін тыныш өтуі тиіс. Мен уәде бергенімдей, ашық айтамын. Барлығына қиын болатыны анық. Мен ешқашан да алдауға тырыспаймын. Сіздер де адамдармен тура және ашық сөйлесіңіздер. Барша қиындықты бірге еңсереміз. Халқымыз қамтамасыз етілуі үшін, мемлекет барлық қажетті жұмыстарды жасап жатқандығын түсіндіріңіздер.

Әрине, бір бидаймен шектелмей дәнді-дақылдардың түр-түрін көбейту керек, ол үшін ғылымға бет бұрмаса болмайды. Сондықтан агроөнеркәсіп кешені жанынан «Ұлттық ғылыми кеңес»  құруды тапсырды. Өнімділігі төмен болғандықтан, саладағы инвесторлар үлесі 1 пайызды құрайды. «Қысқасы, ауыл шаруашылығы ел экономикасының ендігі «драйверіне» айналуы тиіс», - деді  Президент. «Арпа бидай - ас екен, алтын-күміс - тас екен» демекші, мұнай мен металлға деген сұраныс төмендесе де, азық-түлікті тұтынушы табылады. Сондықтан аграрияға ақша құйған ұтпаса, ұтылмайды. Зерендіде егістік алқабында өткен кездесуде Президент біраз мәселенің басын шалды. «Қаржылық қыспаққа тап болған күннің өзінде, елімізде күн-көріс үшін қажеттінің бәрі бар. Батыстың брэнд кіим-кешегі, кемедей көліктері, тіпті ағзаға зиянды банансыз өмір сүруге әбден болады», - деп те қалжыңдады.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ