Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте қоғамның тыныштығын бұзып, аспанға бірнеше рет оқ атқан 24 жастағы күдікті қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2015
  • 1951

Шымкентте қоғамның тыныштығын бұзып, аспанға бірнеше рет оқ атқан 24 жастағы күдікті қамауға алынды. Бұл жайында облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының өкілдері ақпарат таратуда. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Нұрсұлтан Жамбаев, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

Оқиға орнына келген уақытта сол серуенде жүрген жасөспірімдер ұсталды. Барлығы Шымкент қаласының тұрғындары. 1995-1996 жылы туылған жігіттер. Олар өздерімен болған «Сайга» маркілі тегіс ұңғылы аңшы мылтығымен серуен уақытында аспанға бірнеше рет атып, қоғамдық орында тәртіп бұзған. Бұл жәйт бойынша ұсталған азамат бүгінгі таңда қамауға алынды.

Серуендеп жүрген жастар, мұндай әрекетке көңіл көтеру үшін барғандарын айтады. Құзырлы орынның дерегінше,  өткен аптада оңтүстікте осыған ұқсас тағы бір оқиға орын алған. Жұма күні Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылында жазатайым жағдайда екі азаматша көз жұмды. Тағы үш адам ауруханада жатыр. Полицейлердің мәліметіне сай, қайғылы оқиға үйлену тойының үстінде болған.

Күйеу жігіттің жолдастарының бірі үйінен тегіс ұңғылы мылтық ала шыққан. Қару оның атасынан қалған мұра көрінеді. Той алдындағы серуеннен оралған кезде жігіт жиналғандардың көңілін көтермек болып қаруды көліктен алып шықпақ болады. Сол сәтте мылтық атылып кеткен. Абайсызда атылған оқ екі адамды о дүниеге аттандырды, тағы екі бала жараланып ауруханаға түскен. 21 жастағы жүргізуші бір көзінен айырылды. Ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген оған шұғыл ота жасалды,- дейді дәрігерлер.  Бетіне тиген бытыра оғы оның мұрнын да жарақаттаған. Қазір күдікті қамауға алынды.

Асқар Ауашев, дәрігер-офтальмолог:

Оқ дәрі жарақаты ауыр болғандықтан, сол көзінің езілгені оқ дәріден кейін, сол көзін сақтап қалуға мүмкіндік болмады. Сол себепті эвестирациялық операция жүргізілді. Қазіргі жағдайы орташа ауыр дәрежеде. Қалыпты. Барлық керекті дәрілерді, ем алып жатыр.
 
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ