Русский Сайттың толық нұсқасы

Он жасар бала он миллион теңгені олжалады

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2015
  • 1575

Астана іргесінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған "Алтын тұлпар" аламан бәйгесi мәреге жетті. Еліміздің әр аймағынан келген екі жүзге жуық жүйрiк 51 шақырымды артқа тастап, олардың арасынан аузымен құс тістеген дүлдүлдері анықталды. Дүйім жүртты дүрліктірген дода «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтті. 10 миллион теңгені құрайтын жүлде қоры қай облысқа бұйырды? Оны тілшіміздің бейнематериалынан біле аласыздар.

«Алтын Тұлпар» бәйгесі Елорда маңындағы Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесi аумағында өтті. Биыл екінші жыл ұйымдастырылған бәйгенi көруге жиналған халықта есеп болмады. Биылғы бәйгенің  бір ерекшелігі - бәйге жолы 43 шақырымнан 51 шақырымға дейiн ұзартылған. «Бұл нағыз сәйгүліктер сыналатын сайыс», - дейді ұйымдастырушылар.

Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Бұл жарыстың ерекшелігі - нағыз қазақи атбегілік өнер бар атты ұзаққа дайындайтын. Кейінгі кезде жарыстар негізі мынау қысқа қашықтыққа болады да, онда қазақи баппен емес, онда еуропалық баппен келе жатқан ағылшын аттары озып кетеді, ал мынау жерде көресіздер көбінесе будан аттар келеді. Будан дегенде - қазақи қаны барлар.

Күллі Алаш жұрты асыға күткен аламан бәйгеге 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан  жүз алпысқа жуық жүйрік қатысты. Ұйымдастырушылар «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің биылғы жүлде қоры 23 миллион теңге екенін атап өтті.

Елсияр Қанағатов,  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы:

Әрбір өзін өзі сыйлайтын мемлекет, халық ең алдымен өзінің ұлттық дәстүрін, ұлттық спорт деңгейін жоғары шыңға көтереді, сондықтан біздің еліміздеде Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында спорт даму үстінде, оның ішінде ұлттық спорт түрлері де. Бұндай шаралар - қажетті нәрсе, бұның бәріне көмек беріп отырған «Нұр Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры.

4 айналым бойы тұлпарының күшін сақтап, бәйгенiң алдыңғы 3 айналымында айтарлықтай көзге түсе қоймаған Жамбыл облысының тұлпары мәреге бірінші болып жетті. Желдей жүйткіген сәйгүлікті тізгіндеген он жасар Ақжол Жұматай бәйгенiң бас жүлдесі 10 миллион теңгені олжалады. 


Мұнан өзге мәреге алғашқы болып жеткен 9 тұлпар диплом және 5 миллионнан 400 мың теңгеге дейінгі ақшалай жүлделерге ие болды. «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасында ұлттық дәстүрдi дамытуға басым бағыт берілгені белгілі. Осы ретте билеуші партия ұлттық өнер мен спортты тұрақты түрде қолдап келедi. «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі келесі жылы да жалғасын табатын болады.

Берік ХАСЕНОВ