Русский Сайттың толық нұсқасы

Анасы бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген 8 жасар қыздың денесі жер қойнына тапсырылды

  • AstanaTV
  • 08 қыркүйек 2015
  • 2570

Анасы бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген 8 жасар Айшаның денесі жер қойнауына тапсырылды. Өзі де жоғары қабаттан секіріп кеткен әйел мен бір жарым жасар сәби ауруханада жатыр. Олардың жағдайын дәрігерлер  ауыр деп бағалап отыр. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 33 жастағы әйел мен кішкене бала жасанды демалу аппаратынан босатылған, бірақ әлі жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. 

Жан түршігерлік оқиға Сәтпаев пен Бауман көшелерінің қиылысындағы 109 үйде сенбі күні таңертең орын алды. Үңірейіп, ашық тұрған бесінші қабаттағы мына терезеден 33 жастағы Жадыра екі қызын лақтырып, соңынан өзі де бақиға аттанбақ болған. 

Аян Балауов, көршісі: 

Шүйіркелескен отбасы болатын. Қанша уақыттан бері көршіміз. Жағымсыз қасиеттерін байқамаппын. Бірақ оқиға болатыннан бір күн бұрын балалардың жылаған дауысын естідік. Сырқаттанып қалған шығар деп ойладық.  Аса мән бермедік.

Дегенмен жантүршігерлік оқиғаның қалай болғаны жайлы әлі күнге дейін ешкім дөп басып ештеңе айта алмайды. Қалалық денсаулық сақтау департаменті өкілдері жедел-жәрдем оқиға орнына 7 минутта келіп жеткен деп отыр.  Әйтсе де 8 жасар қыз бала көмек келгенше жан тапсырған. Ал оның анасы мен сіңілісі ауруханаға жеткізілді.

Жанат Қасымжанова, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Жағдайлары қиын. Дәрігерлер жиналып, ем жасап жатыр қолдан келгенше. Ашық бас ми травмалары, сүйек сынықтары өте көп, травматологиялық 3 деңгейлі шоктары бар, соған қарағанда денсаулықтары ауыр, реанимацияда жатыр.

Ал Жадыраның тұңғышы Айшаны туған-туыстары бүгін жер қойнына тапсырды. Немересінің өліміне қабырғасы қайысқан әже қызының мұндай қадамға барғанын түсінбей қайғы жұтып отыр.

Ұлбосын Ілиясқызы, Жадыраның анасы:

Қызымыз ешуақытта қиындық көрген жоқ, отбасылық жағдайда жақсы тұрды, балаларына қарап. Күйеу балам инабатты, еш уақытта  ұрыс - керіс үйлерінде болған емес. Бұл қазір білесіздер ғой, 21 ғасырдың дерті дейді -суицид - солардың қандай болатыны, білінбейтін нәрсе.

Бірқатар ақпарат құралдарын бұл жанұядағы ер азаматтың жоқ болып кеткені жайлы хабар таратып үлгерген еді. Мұндай деректі қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі жоққа шығарып отыр. «Отағасы ешқайда қашып кеткен жоқ», - деді ол.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Шындыққа жанаспайтын ақпарат. Осы оқиға орын алған жағдайда, күйеуі үйінде болмаған. Ол іздестіріліп жатқан жоқ. Өйткені ол еш жерге қашпаған.

Полиция қызметкерлерінің бұл сөзін Жадыраның жұбайы жұмыс істейтін «Байкен» мешітінің имамы да растап отыр.

Құлмұхамед Махамбет, Алматы қаласы «Байкен» мешітінің имамы:

Саясат Көкенай бізде 7-8 ай болды наиб-имам қызметін атқаруда. Әріптестерінің де,  жамағаттың алдында да беделі бар. Ал жұбайы мешітте қызмет атқарған емес.

Қазір аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 99-шы бабы, яғни «Адам өлтіру» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бостандық аудандық Ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен тергеу амалдары басталып кеткен. Мәселенің жай жапсары, өзін де, балаларын да өлімге итермелеген 33 жастағы ана толық есін жиған соң, белгілі болмақ.

Айгүл ЕРМАХАН