Русский Сайттың толық нұсқасы

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» командасы Тольяттидің «Ладасына» есе жіберді

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2015
  • 1574

АҚШ-тың Лас Вегас штатында өтіп жатқан күрестен Әлем біріншілігінде жерлесіміз Алмат Кебіспаев қола жүлдені қоржынға салды. Грек-рим күресінен ел намысын қорғаған Алмат осылайша Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Бұл Қазақстан құрамасы еншілеген екінші қола. Алғашқы жүлдені кеше 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Досжан Қартықов еншілеген болатын. Спорт тақырыбы келесі топтамада.

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» командасы кезекті кездесуін өткізді. Тольяттидің «Ладасын» қабылдаған Ерлан Сағымбаев шәкірттері соңғы 4 жылдағы ең ірі жеңілісіне ұшырады. Астаналықтардың әр ойынында «Қазақстан» мұз айдынында ине шаншар орын болмайтын, оған көз үйреніп те қалған еді, бірақ бұл жолы олай болмай шықты. Шығыс конференциясында соңғы орында келе жатқан «Ладамен» кездесуді көптеген жанкүйерлер үйінде тамашалауды жөн санапты.

Енді матчқа келсек, ойынды өте ширақ бастаған астаналықтар бірінші кезеңде қарсыластар қақпасына  шайбаны көбірек бағыттаған. Бірақ соңғы шепте қонақтар голкипері сенімді өнер көрсетті. Ал екінші кезеңде «Лада» хоккейшілері бас аяғы 5 минуттың ішінде 3 бірдей шайба соқты. Осыдан соң қақпашы Павел Полуэктов орнын Дмитрий Мальгинге босатқан еді. Бірақ бұдан да пайда болмады. Қонақтар матч соңына дейін тағы 3 шайба соғып үлгерді. Қорытынды есеп - 0:6. Шәкірттерінің мұндай сүреңсіз ойыны үшін, бас жаттықтырушы жанкүйерлерден кешірім сұрады.

Ерлан Сағымбаев, «Барыс» ХК бас жаттықтырушысы:

Мен алдымен барша жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді. Екінші кезеңді толығымен қарсыластың еншісіне беріп қойдық. Әріптесім айтқандай, бірінен соң бірін екі шайба жібердік. Артынша жағдайды түзейміз деп, қарымта шабуылға түсіп қалдық. Өкінішке орай, бүгін бірде бір шайба соға алмадық. 

Айта кететін жәйт, жаттықтырушыр әр кездесу сайын ойыншылардың бестігін ауыстырып отыруға мәжбүр. Себебі өткен ойында Талғат Жайлауов жарақат алған. Осы жолы Бойд ойыншылар қатарынан шығып қалды. Және көптен бері Найджел Доустың команда сапында жоқ екенін ескерсек, келесі ойындар да «Барыстың» нағыз сыналар шағы болмақ. 7 ойын нәтижесіне сай 7 ғана ұпай жинаған Ерлан Сағымбаев шәкірттері Шығыс конференциясының 10 орнына сырғыды. Келесі кездесуін «Барыс» ертең өз айдынында Қазанның «Ақ Барысымен» өткізеді.