Күллі
қазақ халқы бүгін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлай бастады. Салтанатты шара Астанадағы Тәуелсіздік
сарайында ашылды. Президент Нұрсұлтан
Назарбаев барша қазақстандықтарды мерейтоймен құттықтады.
Айгүл
Әдепбай, тілші:
Мен
бүгін ерекше толқып тұрмын. Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Сондықтан
болар, бүгін алаңға жиналған халықтың қарасы көп. Елбасының тапсырмасымен сонау 1465 жылы Жәнібек пен Керей хандардың құрған
мемлекеті Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын ұлан асыр қылып тойлап
жатырмыз. Әлемге «біз тамырын тереңге жіберген қазақпыз» деп жар салып тұрмыз.
Қасым ханның қасқа жолы,
Есімханның ескі жолымен өтіп, тәуелсіздік тұғырына қонған ел үшін салтанатты
жиынның Елордада Тәуелсіздік сарайында өтуі заңды да. Бұл жерге халықаралық
қауымдастық, депутаттар, аймақтардың делегаттары, шығармашылық интеллигенция,
мемлекет және өнер қайраткерлері жиналды. Барлығы екі мыңнан астам адам қатысып
жатыр. Шараға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз президенті Алмазбек
Атамбаев, Түркия парламентінің төрағасы Исмет
Йылмаз қатысуда. Ұлы мерекемен
құттықтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес заманының тізесі батып кеткен уақытты
бір еске алды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Кеңес одағы заманында мектептерде пышақтың жуандығындай оқулықтан ел тарихы туралы білім алдық. Жас ұрпақ ата тарихынан алшақтап қалды. Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандар мен батырлар есімі өшіріле бастады.
Мерейтойдың салтанатты ашылуына
қатысатын жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі. Тіпті жайда салмақты депуттаттардың өзі
шығармашылыққа ерік беріп, лебіздерін өлеңмен жеткізіп жатты.
Сонымен қатар осы күні Астанада
әйгілі ғалымдар, 18 елдің мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Иран,
Мысыр, Белоруссия, Қырғызстан және тағы басқа елдердің мәдениет ақпарат, білім және ғылым
министрлері қатысатын «Қазақ хандығынан Мәңгілік елге» атты халықаралық кітап
көрмесі мен «Ұлы даланың өшпес тарихы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы
өтеді деп күтілуде. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шаралар
жайында толыққанды мәліметті қорытынды жаңалықтарда айтамыз.
Айгүл ӘДЕПБАЙ