Русский Сайттың толық нұсқасы

«Барыс» өз айдынында «Ақ Барстан» басым түсті

  • AstanaTV
  • 11 қыркүйек 2015
  • 1616

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» командасы кезекті кездесуін өткізді. Негізгі қарсыласы Қазанның «Ақ Барсын» қабылдаған елордалықтар тартысты өткен кездесуде 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ал «Вуэльта» көпкүндігінде өнер көрсететін «Астана» велокомандасының капитаны Фабио Ару «жеңімпаздың қызыл жейдесінен» әлі де  үмітті. Спорт жаңалықтары келесі топтамада.

Өз айдынында Қазанның «Ақ Барсымен» кездескен елордалықтардың жеңісі  өткен ойындағы жеңілістен әлі ес жия қоймаған жанкүйерлер үшін  жақсы сый болды. Ойынға келсек, лигадағы негізгі қарсыласпен өткен ойында айдынға  тәжірибелі қақпашы Ян Лацо шықты. Бұл хоккейшілерімізге сенімділік ұялатқаны анық. Бас төрешінің ысқырығы естілісімен алға ұмтылған «Барыс» ойыншылары бірінші кезеңнің басында Роман Старченконың көмегімен есеп ашты.

Осы голдан кейін шабуылға ден қойған Ерлан Сағымбаев шәкірттері Варнаковтан көз жазып қалды. Осыны ұтымды пайдаланған қарсыластар таразы басын теңестіріп кетті. Үзілістен кейін команда капитаны Брэндон Боченски мен Евгений Рымарев қос гол соғып ойынды қорытындылады.

Ерлан Сағымбаев, «Барыс» ХК бас жаттықтырушысы:

Қателігімізді түзеуге тырысып жатырмыз. Біз  қарсыласты әрдайым жеңуге талпынамыз, бірақ кейде ойын жүрмей қалады. Маусым енді ғана басталды, жақсы нәтиже көрсетуге әлі де мүмкіндік бар. Сондықтан ары қарай да дайындықты ширататын боламыз.

Құрлықтық хоккей лигасы құрылғалы бері «Барыс» «Ақ Барсты» өз айдынында тұңғыш рет жеңіп отыр. Жалпы, қос мықты өзара 24 рет кездесіп, оның бесеуінде астаналықтар үздік шыққан. Қалған 19 ойында Татарстан командасы жеңіске жетті. Келесі кездесуін елордалық «Барыс» ертең өз айдынында Сочи командасымен өткізеді.



«Вуэльта» көпкүндігінде өнер көрсететін «Астана» велокомандасының капитаны Фабио Ару «жеңімпаздың қызыл жейдесінен» әлі де үмітті. Нидерланды өкілі Том Дюмолинмен таласып келе жатқан италияндық велошабандоз 204 шақырымнан тұратын  18-ші кезеңде 11 нәтиже көрсетті. Осылайша жалпы сында көшбасшыдан әлі де болса 3 секунд қалып келеді. Вуэльта көпкүндігінің аяқталуына 2 кезең қалғанын ескерсек, капитанымызға бәсекеде топ жару үшін, соңғы күшін сарп етуіне тура келеді.