Русский Сайттың толық нұсқасы

Ертең Сочи қаласында Қазақстан мен Ресей әріптестігінің он екінші аймақаралық форумы өтеді

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2015
  • 1000

Сочи қаласы Қазақстан мен Ресейдің он екінші аймақаралық әріптестік форумына дайындығын аяқтап қалды. Шара ертең басталмақ. Онда қос мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл жолғы кездесу тақырыбы «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы әріптестік пен сауда-саттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталады. Әзірлік шаралары жайында тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелеп берсін.

Мұндай  кездесулер жыл сайын ұйымдастырылады. Былтыр ресейліктерді Атырау қаласы қарсы алған. Бұл жолы Сочиде қос бірдей шара өтпек. Оның бірі - аймақаралық форумнан өзге жастардың үшінші экономикалық форумы жалауын көтерді. Кездесу аясында Қазақстан мен Ресейдің студенттері, жас ғалымдар шеберлік сағатына қатысты. Кейбір дарынды жастар тәуелсіз сарапшыларға дағдарыстан шығудың жолдарын ұсынды. Солардың бірі Антон Денисов Еуразия экономикалық одағы аясында импортты алмастыру мәселесін шешудің амалын ойлап тапқан.

Антон Денисов, Н.И.Вавилов атындағы Саратов мемлекеттік университетінің магистранты:

Шекаралас аймақтардың әріптестігі аясында Саратов пен  Батыс Қазақстан облыстары арасында ортақ агротехнопарк ашу керек, деп санаймын. Ғылыми, өндірістік және маркетингтік орталықтар ашылады. Бұл нарықта туындаған күрделі мәселелермен айналысуға мүмкіндік береді.

Он екінші аймақаралық форум өтетін «Горки Город» тынығу аймағында дайындық қызып тұр. Жиын «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы Қазақстан мен Ресей әріптестігінің ертеңі» атты көрмеден бастау алмақ. Онда солтүстік қазақстандық делегаттар отандық кәсіпорындар шығарған өнімді көпшілік назарына ұсынбақ.

Алтынбек Абдоллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Бізге 36 шаршы метр жер бөлінді. Ұсынатын бүкіл тауарымызды тексеріп шықтық. Бұл форумда маңызды келісімшарттарға қол қоюды көздеп отырмыз. Осылайша, экспорт көлемін арттырамыз. 

Ал көрші залда Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен алқалы жиын өтпек. Қазір жұмысшылар бөлмені жиһазбен толтырып жатса, инженер мамандар өз техникаларын реттеп әлек.

Александр Карташов, дыбыс инженері:

Дыбыс жүйесін орнатып жатырмыз. Залдың әр бұрышында дыбыс бірдей естілуі керек. Бір істі толық бітірмей, алдын ала сөйлегенді ұнатпаймын. Менен мерекелік шаралардың алдында «Бәрі жақсы ма?» деп сұрағанның өзінде, мен «көреміз» деп жауап беремін.

Тілшілердің бөлмесі де әзірленіп жатыр. БАҚ өкілдері ақпаратты шұғыл жеткізу үшін, мұнда бар жағдай жасалған. Ал мына бөлмеде алқалы жиын қатысушылары тамақтанады. Дастарқан, ыдыс-аяқ, үстел мен орындықтар да даяр. Ал президенттерге арнап қандай тағамдардың әзірленіп жатқаны,  әлбетте, құпия.

Абзал ҚҰРМАНКИН