Футболдан Чемпиондар лигасының
топтық кезеңінде өнер көрсететін «Астана» ең беделді турнирдегі алғашқы
кездесуін өткізді. Бәйтерек монументі алдына жиналған футбол сүйер қауым ауа
райының қолайсыздығына қарамастан, даладағы үлкен экран алдынан командаға қызу
қолдау көрсетті.
Кәрі
құрлықтың басты турниріне жолдама алған Станимир Стойлов шәкірттері кездесу
барысында өздерінің толқыныстарын жасыра алмады. Төреші ысқырығы естілісімен,
біздің қақпамызға лап қойған алаң иелерінің жылдам есеп ашу жоспары іске
аспады. Соңғы шепте команда қақпашысы Ненад Эрич сенімді ойын өрнегін көрсетті.
Ал екінші кезеңде жиі-жиі қателікке бой алдырған қорғаушыларымыз Николас Гайтан
мен Костас Митроглудан көз жазып қалды. Нәтижесінде Астана 2:0 есебімен
жеңіліске жол берді.
Дегенмен отандастарымыз Еуропаның азулы командалары бақ
сынайтын турнирдегі алғашқы қадамын жасады. Келесі кездесуін елордалық
ұжым 30 қыркүйек күні Түріктің «Галатасарайымен»
өткізеді.
Абзал
Тоқанов, жанкүйер:
Міне «Астана» футбол құрамасы
Қазақстанымыздың намысын көтеріп, Астананың намысын көтеріп, Чемпиондар лигасының
топтық кезеңіне өтіп, алғашқы матчын өткізіп жатыр. Әрине, қуаныштымыз, бірақ
бүгінгі ойында біраз көңілде толқу бар. Жеңіліс тапқанымен де, бүкіл Қазақстан
болып, бүкіл Астана болып, бүкіл еліміз-жеріміз болып, қазақ болып, намысқа
тырысып, өзіміздің командаға соңына дейін жанкүйер боламыз.