Русский Сайттың толық нұсқасы

ЭКСПО ұлттық компаниясынан 10 млдр теңгеден астам қаржы ұрланған

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2015
  • 1057

ЭКСПО ұлттық компаниясынан бас-аяғы 10 млдр теңгеден астам қаржы ұрланды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров Мәжілісте журналистерге хабарлады. Сол қолды болған қаржының 4 миллиардтан астамын ЭКСПО-ның экс-басшысы Талғат Ермегияевтің қалтасына басқаны дәлелденген. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды. «Айыпталушылар қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр», - деді Қожамжаров.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

Бұл іс бойынша 24 адам жауапқа тартылып жатыр. Ұрланған қаржының жалпы сомасы - 10 млрд 200 миллион теңге. Оның 4 млдр 200 миллионын Ермегияев мырзаның алғаны дәлелденді. Бұл «Астана-ЭКСПО» ұлттық компаниясының қаржысына алынған активтерді есептемегенде. Ал активтер - тұрғын үйлер, автокөліктер, қонақ үй кешендері мен өзгелері.

Естеріңізге сала кетсек, ЭКСПО ұлттық компаниясының экс-бастығы Талғат Ермегияев маусым айында қамауға алынды. Оның аса ірі көлемде ақша жымқырғаны әшкере болды. Ермегияевпен қатар істі болып жатқан 24 адамның ішінде ұлттық компанияның басқарушы директоры мен құрылыс департаментінің бұрынғы бастығы, Алматыны шулатқан әйгілі Мақсат Үсеновтің әкесі, Қажымұрат Үсенов те бар. Қайрат Қожамжаров сонымен қатар Қостанай әкімдерінің былығына қатысты да түсініктеме берді. 

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

Қостанай қаласының бұрынғы бастығы мен оның орынбасарлары, қалалық коммуналдық шаруашылығының бастығы соңғы бір жарым айдан бері қылмыстық жауапқа тартылып жатқанын білесіздер. Оларға қызмет бабын асыра пайдаланды, пара алды, деген айыптар тағылып отыр. Пара көлемі 300 мың теңгеден бастап 14 миллион теңгеге дейін барады. Қазір тергеу бұл қылмыстардың жүйелік сипатын тексеріп жатыр. Облыс әкімі Сәдуақасов бойынша, ол өтініш берді, шешім қабылданды. 

Алайда агенттік төрағасы жақында ғана қызметінен кеткен Нұралы Сәдуақасовтың қылмыстық істерге қатысы бар-жоқтығын ашық айтпады. Тек тергеу амалдары енді ғана басталды, деп құтылды.

Естеріңізде болса, Қостанай қаласының әкімі Ахметбек Ахметжанов қыркүйектің сегізінде өз еркімен қызметінен кетіп, ертеңіне тұтқындалды. Өз кінәсін мойындаған ол қазір үйқамақта. Ал оған дейін оның екі бірдей орынбасары бірінен соң бірі қамалған болатын. Мақсұт Қалиев пен Фрунзик Аракелян 13 млн теңге мен 300 мың теңге көлемінде пара алған жерінен ұсталған еді. Одан соң көп ұзамай облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов та отставкаға кетті.

Айгүл ӘДЕПБАЙ