Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Атырауда батыс басшыларымен кездесті

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2015
  • 1041

Елбасының костюмі де, аяқ қиімі де - қазақстандық. Бүгін Атырауда батыс аймақтағы 4 облыс басшыларымен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің патриоты  ретінде қазақстандық киім киетінін айтып, өзгелерді де отандық тауарларды тұтынуға шақырды.

Алқалы жиында ірі кәсіпорындардың айналасына индустриалдық аймақ құрып, топтастыру мәселесін талқылады.  Қазіргі қалыптасқан экономикалық жағдайда мұнай-газ саласына иек артпай, шағын және орта бизнесті дамыта отырып, жұмыс орындарын сақтауға кеңес берді.  

Мемлекет басшысы алдымен аймақтағы қос іргелі  кәсіпорында болып «Казақстанда жасалған» маркасымен шығатын жабдықтармен танысты. Оның бірі -  жуырда  индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған жылына 11 мың шақырым кабель шығаратын зауыт. Екіншісі - мұнай өнеркәсібі үшін жабдықтарды шығаратын «АтырауМұнайМаш» кәсіпорны. Индустриалды салаларды дамыту жайын Президент Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары басшылары мен кәсіпорын жетекшілерімен кездесуінде жалғастырды. Мемлекет басшысы қазіргі экономикалық жағдайда мұнай-газ саласына иек артпай, шағын және орта бизнесті өркендету қажеттігіне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Міне, мен де  қазақстандық  өнімді киіп отырмын.  Сіздерге көрсете аламын. Қазақстандық жеңіл өнеркәсіптікі. Туфлиім де қазақстандық.  Көрдіңдер, мен жеңіл өнеркәсіпке толықтай жарнама жасап отырмын.  Әсет те солай.  Қазақстандық костюм неден кем?

Президент ел экономикасын дамытудың алғы шарттарын атады. «Шикізатты терең өңдеуге көңіл бөлу керек. Сондай-ақ  кенже қалғанын мұнай барлау ісіне жандандыру қажет», - деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үлкен мәселе - барлау мәселесі. Біздің кәсіпорындарға жаңа қуат құру керек. Жаңа кен орындарын  жандандыру. Мұнай өндіру бірде көтеріледі, бірде құлайды. Тіпті ең ірі деген Теңіз, Қарашығанақ  кен орындары 10-15 жылдан соң өз шыңына жетеді. Егер біз барлау арқылы жаңа көлем қоспасақ, кейін аянышты жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан мұнай-газ саласындағы барлау жұмыстарына әлемнің ірі компанияларын тарту керек. Біз білеміз, Каспий теңізі түбінде  6-7 мың метр тереңдікте әлі барланбаған мұнай қоры бар.

Президент жергілікті билік ерекше көңіл бөлуі тиіс өңір дамуының бірқатар басым бағыттарын атап көрсетті. Мысалы, батыс аймақтарда қолға алынған жобалардың 50 пайызы әлі күнге өз қуатына жете алмай отыр. «Бұл бос ақша шашу ма?» - деп сауал тастаған Елбасы әкімдерге осы бағыттағы жұмыстарды реттеуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен бесжылдықта 800 өндіріс орны іске қосылып, 3 трлн теңге ақша жұмсадық оған. 80 мың жұмыс орнын аштық. Биыл тағы да соны жасап жатырмыз екінші бесжылдықта. Осының бәрі осы өңірде біз отырған 4 өңірде 177 жоба іске қосылды. Бірақ оның 50 пайызы әлі күнге дейін толығымен жұмыс істемейді. Өзінің өндірістік қуатына шыққан жоқ. Міне, істейтін жұмыстарың сол жерде болуы керек. Алынбай отырған өндіріс сол жерде.  

Айтпақшы, ел назарында отырған Қашағаннан коммерциялық мұнай игеру келесі жылдың аяғында ғана қолға алынады, деп болжануда. Әзірге құбырларды дәнекерлеу жоспар бойынша жүріп жатыр, - деп сендірді Елбасына есеп берген Сауат Мыңбаев. 

Сауат Мыңбаев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл жұмыс 2016 жылдың қыркүйек-қазанында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Және коммерциялық мұнай өндіру келер жылдың аяғы деп болжануда. Бұл жерде жұмыс өз кезегімен жүріп жатыр. 

Қазіргі дағдарыс жағдайында елдің жұдырықша жұмылғаны қажет. Бұл орайда ерінбей еңбек кетуге шақырды, Ал мемлекет жұмыс орындарының сақталуын басты назарда ұстамақ. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ