Киелі
Көкше жерінде II халықаралық бүркітшілер фестивалі өтті. Бұл шараны Ұлттық
спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырып, «Нұр Отан»
партиясы қолдау танытты. Оған
елімізден бөлек 10 мемлекеттің кіл мықты құсбегілері қатысты. Қыран құсты қолға
үйреткен спортшылар Бурабай баурайында екі күн бойы сайысқа түсті. Бүркітті
шырғаға салу және еркін ұшыру, қолға шақыру бойынша бақ сынасты. Бұдан бөлек
шетелден арнайы келген құсбегілер мен жергілікті саятшылар арасында бүркітшілік
өнерді дамыту тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Жұрағат Баман тарқатады.
Жұрағат
Баман,
тілші:
Қансонарда бүркітші шығады
аңға, Тастан түлкі табылар аңдағанға, деп Абай атамыз айтып кеткендей, ұлы дала
елінде дүркіреген той өтіп жатыр. «Нұр Отан» партиясы және Еліміздің
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен екінші халықаралық
бүркітшілер сайысы өтуде.
Фестивальдің
алғашқы күні «Құсбегілік өнердегі ұрпақтар сабақтастығы» аталатын жиыннан
басталды. Шет елдік және отандық ғалымдардың құсбегілікті дамытуға қатысты тың
баяндамалары тыңдалды. Ұлттық спорт
түрлерінің дамуына атсалысып жүрген азаматтардың бірі - Бекболат
Тілеухан -
құсбегілік өнердің өткенін еске алып,
бүгініне де тоқталды. «Құсбегілік - бағзы заманнан қазақтың аңшылық
өнерінің бір қыры болған.
Ата-бабаларымыз қыранмен шекараны да қорғады, бүгінде ауқымын кеңейтіп,
заманға сай саятшылықты қалыптастыратын кез-келді. Қыран құсты баулып, «бүркітшілік қызмет» секілді
жаңашылдықтар енгізуге болады», - деді
ол.
Бекболат
Тілеухан,
ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:
Көптеген Еуропа елдерінде бұл -
кәдімгі кәсіп. Арнайы түрде әуежайдың маңына анау құстарды жолатпау үшін,
арнайы қаршығаларды, ителгілерді ұстайды. Бұл қажеттіліктен туып отыр. Өнер деп
қарамайды оған. Қажеттілік бұл. Осының бәрін кімнен үйренді десек, бізден
үйренген.
Көкше
жерінде ұйымдастырылған бүркітшілер фестивалі, ұлттық спорт ардагері Қанат
Ахметовтің 70 жылдық мерейтойына арналды. Оған елімізден бөлек 10 мемлекеттің
құсбегілері қатысты. Қыранның бабы мен бағын сынаған бүркітшілер жарыстың
бірінші күні «қолға шақыру», «еркін ұшыру», «шырғаға түсіру» және «қоянға
салу» бойынша бақ сынасты. Қатысушыларға
бірнеше талап қойылған. Құстың кескін-келбеті, қыранды қолға қондыру шеберлігі,
тіпті саятшының киім киісіне дейін баға берілді.
Рамазан
Сәттібай,
Ұлттық спорт түрлерінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
Аңшыға өзі сәйкес, кішкене
жаңағы өзінің қимылына, жүріп-тұруына, отыруына, құсын ұстауына, басқасына - бәріне
сол спорттық деңгейде өзіне келіп тұруы керек.
Жалғас
Әкімбеков, саятшы
(Жамбыл облысы):
Құстар
жаңадан шықты түлектен. Осы жарыстан кейін қандай, бабы қалай екенін, құстың
өнерін сынап, байқаймыз.
Сайыстың
екінші күні құсбегілер еркін аңшылыққа шықты. Тау бөктерінде бүркіттің сыны, қолға шақыру, еркін ұшу, қоянға салу
жаттығуларын орындады. Таң ата басталып, түс ауа аяқталған жарыста белгілі
астаналық құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлының ұрпағы Серікбек Күнтуған бірінші
орынды иеленді. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат
Тілеухан «Нұр Отан» партиясы мен жарысқа демеуші болған «Самұрық - Қазына» ұлттық қорына ерекше ықылас білдіріп,
қатысушыларға ақшалай сыйлықтарын табыс етті.
Серікбек
Күнтуған (Астана қаласы):
Қауымдастыққа
рахмет. Спорт министрлігіне де рахмет. Көпшілік жиналып келіп жатқандарына да
рахмет. Құстарға мін жоқ енді. Қайыр қамшы қайырдық қазіргі уақытта.
Бұл
күні бір топ қатысушылар, құмай тазымен де аңға шықты. Фестивальдің ерекшелігі
де осында. Айта кетерлігі, сайыс барысында түлкі мен қарсақты тірідей алып
келіп, тазыға талатып, бүркітке алдыратындай жасандылық орын алған жоқ. Қатысушылар
табиғи жағдайда тазыны ертіп, таза аңшылық өнерді паш етті.
Жұрағат БАМАН