Русский Сайттың толық нұсқасы

Головкин мен Лемье арасындағы жекпе-жегіне билет ада болды

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2015
  • 1425

Головкин мен Лемье арасындағы жекпе-жегіне билет ада болды. Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның болашағы Э.Тұрсынбаева АҚШ-та күміс жүлде еншіледі. Теннистен Дэвис кубогінің ақтық сынында Ұлыбритания мен Бельгия кездеседі.

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» кезекті кездесуін өткізді. Екатеринбург қаласында жергілікті «Автомибилист» командасымен күш сынасқан Ерлан Сағымбаев шәкірттері буллит сериясында 2:1 есебімен жеңілді. Қонақтар сапынан жалғыз шайбаны Константин Пушкарев соқты. Келесі кездесуін «Барыс» ертең өз айдынында Омбының «Авангардымен» өткізеді. Өзге де спорт жаңалықтары келесі топтамада. 



Нью-Йоркте 17 қазан күні атақты Medison Square Garden-де ине шаншар орын болмайды. Кәсіпқой боксшы отандасымыз Геннадий Головкин мен канадалық Давид Лемье арасында өтетін жекпе-жекке кіру билеті таусылды. Былғары қолғап шеберлерінің жан алысып, жан беріскен айқасын көргісі келген жанкүйерлер, билет сатылымға шығысымен, талап алған. Бір мезетте 18 мың адам сыятын, бокс әлеміндегі ең беделді аренаға екі салмақ дәрежесінің дүлдүлі шығады. Жекпе-жек жеңімпазы WBA, WBC, IBF және IBO санаттарының белбеулерін қанжығаға байлайды.



Мәнерлеп сырғанаудан қазақстанның болашақ үміті Элизабет Тұрсынбаева ересектер арасында АҚШ-тың Солт-Лейк Сити қаласында өткен International Classic турнирінде күміс жүлде еншіледі. Айта кету керек, Элизабеттің  бұл халықаралық деңгейдегі тұңғыш жарысы. Осылайша 15 жастағы қыз спорт мансабындағы тырнақалды табысына қол жеткізді. Жарыс барысында отандасымыз Карен Чен, Канако Мураками сынды сақа спортшыларды шаң қаптырып кетті. Сайыс қорытындысы бойынша 183 ұпай жинаған жапон өкілі Сатоко Мияхара жеңімпаз атанды. Тұрсынбаева 177 ұпаймен екінші орында. Үздік үштікті 166 баллмен Анджела Ванг түйіндеді. Еске сала кетейік, Элизабет Тұрсынбаева Канаданың Онтарио штатында жаттығу жасайды.



Энди Маррей Ұлыбритания құрамасын «Дэвис кубогінің» ақтық сынына шығарды. Әлемнің үшінші ракеткасының есімі ағылшынның теннис тарихына алтын әріппен жазылары анық. Өйткені Ұлыбритания  ең беделді командалық жарыстың финалында соңғы рет 27 жыл бұрын ойнаған. Энди шешуші ойында Австралия өкілі Бернард Томичтен екі сағатқа жуық уақытқа басым түсті. Енді шотландиялық өз құрамасына көмектесу үшін маусым соңындағы ATP-дің қорытынды турниріне қатыспайтын сыңайлы. Финалдың екінші жолдамасын ойда жоқта Аргентина құрамасын 3:2 есебімен тізе бүктірген Бельгия иеленді. Давид Гоффин бастаған жігіттер сонау 1 ғасыр бұрынғы жеңілістің есесін қайтаруды көздейді. Бір қызығы - осыдан 111 жыл бұрын Бельгия құрамасы Ұлыбританиядан «Дэвис кубогінің» финалында жеңіліп қалған.