Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркия халқы құрбан айт мерекесінде бір апта демалады

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2015
  • 1994

Жақсылыққа жол сілтейтін Құрбан айт мерекесіне орай, Түркияда ресми түрде жеті күн демалыс жарияланды. Елдегі мал базарларында сауда қызып тұр, көптеген сауда орталықтарында жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, мұсылмандардың ұлық мерекесіне орай, қала ішіндегі қоғамдық көліктерде жол ақысы арзандатылды. Әріптесім Самат Сүлейдің репортажы.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, құрбандыққа мал шалатын азамат пен сатушы осылай бір-бірінің қолдарын сілкіп тұрып, саудаласады. Мұндай көріністі базардан жиі байқайсыз. Қырықтан аса ірі қара малды Ыстамбұлға сатуға әкелгендердің бірі Илхам Джандан, "биыл сауда мәз емес", дейді.

Илхам Джандан, сатушы:

Бір апта бұрын келдік, былтырғыдай сауда жоқ. Әзірге малдың тек үштен бірін ғана саттым. Халық бағасы  қымбат деп, ренжулі. Алайда, біздің де шығынымыз шаш етектен.

Ыстамбұлдың бірнеше ауданында уақытша мал базарлары ашылып, саудасын осыдан он күн бұрын бастап кетті. Баға шынында да былтырғыдан бірнеше есеге қымбат. Мәселен, уақ малдар 350-ден 1 мың 500 лираға дейін. Яғни теңгеге шаққанда, 27 мың мен 130 мыңның арасы. Ал ірі қара 300 мыңнан басталып бір миллион тенгеге  дейін барады.

Ахмет Селим:

Жылда отбасымыздың атынан құрбан шалып, жоқ-жітіктерге таратамыз. Бүгін ағам екеуміз бірігіп, ірі қара алдық. Көңілімізден шықты. Бағасы да  қолайлы. Бес жарым мың лира.

Құрбан сөзінің түп мағынасы жақсы амалың арқылы Аллаға жақындау дегенді білдіреді. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер арасында жоқ-жітіктерге жәрдемдесіп, түрлі сауапты істі қолға алу дәстүрге айналған. Ал тұрғындар адамзат баласын жақындастыратын мереке ретінде бір-біріне сыйлық жасайды.

Біз үшін бұл ұлық мереке. Бұрыңғылардан келе жатқан дәстүр бойынша, отбасымызбен әулеттің үлкендеріне барып, арнайы сәлем беріп, айттаймыз. Сондай-ақ, көптеген игі істер атқарылатын күндердің төресі.

Самат Сүлей, тілші:

Дәл осы Құрбан айт мерекесіне орай сауда үйлерінде тауар бағасына айтарлықтай жеңілдік жасалып, тұрғындарға қолайлы баға ұсынылуда. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктің шешімімен елдің барлық аймағында қоғамдық көліктердің жол ақысы 50 пайызға арзандатылған. Бір билетін біздің ақшамен 250-300 теңгеге алатын қала тұрғындары үшін, бұл да болса үлкен жеңілдік.