Бүгін әлем назары тағы да АҚШ-қа ауды. Аузын айға білеген АҚШ, Ресей мен
Қытай басшылары жарыссөз алған күн.
Бірақ жұрт әлем халықтарын алаңдатқан қақтығыстар қалай реттеледі деген
сұраққа жауап іздеді. Владимир Путин мен Барак Обаманың мәлімдемелері өзара сын
алмасуымен ғана шектелді. Сарапшылар Мәскеу мен Вашингтонның алғашқы қадамдары
үлкен нәтиже бермеді дегенімен, Путиннің өзі көзқарастардың тоғысқан тұстары
барын айтты. Сессия сыртында камераға іліккен кадрлар жаңа бір үміт лаулатты.
Кездесулер қақтығыстарды тоқтата ала ма? Азамат Алдоңғаров әңгімелейді.
БҰҰ-ның мерейтойлық жиынының басты баяндамалары бүгін жасалды. Көпшілік
Кремль мен Ақ үй басшыларының жарыссөзде не айтатынын тағатсыздана күтті. Сирия
дағдарысын реттеу бойынша Владимир Путиннің сөзі, Америка бастаған коалиция
еңбегінің еш нәтиже бермей отырғандығынан басталды. Бұл мәселеде ресми
Мәскеудің ұстанымы бір қалыпты.
Владимир Путин, Ресей
Президенті:
Асадтың үкіметтік әскері мен
Күрд жасақтарынан басқа Сирияда ДАИШ пен өзге де террорлық ұйымдармен күресіп
жатқан ешкім жоқ екендігін мойындайтын кез жетті. Өңірдегі күрделі жағдайды
жақсы білеміз. Бірақ проблеманы шынайы бағалау қажет.
Ал шынайы жағдайды бағалаудың америкалық тәсілі мүлдем өзгеше. Терроризм
жөнінде жалпы түсінікте Ресей мен АҚШ-тың көзқарастары тоғысқанымен, оның
көлемін бағалау мен салдарын анықтауда пікір қақ айрылады. АҚШ Сирия дағдарысын
шешуге дайын. Тек Башар Асад тақтан таюы тиіс. Обаманың көздегені осы. Екі
тараптың Украинаға қатысты ұстанымдары өзгеріссіз. Мәскеу Украинаның тұтастығын
қолдайды, Минск келісімдерін орындауға да ниетті. Алайда Вашингтон Қырымның
Украинадан қол үзуінен үлкен қауіп көреді.
Барак Обама, АҚШ Президенті:
Украина шығысы Қырымда болған
басып алуды ойлаңыздаршы. Американың Ресей мен Украинаның терең ортақ тарихы
жөнінде түсінігі бар. Алайда Қырымдағы жағдай кез-келген мемлекетпен қайталануы
мүмкін.
Екі алыптың тартысы ешкімге де қажет емес. Қазақстан да батыстың Ресейге
салған санкцияларының жойылуын көздейді. Бұл тұста Ресей басшысы мен серіктес
Қазақстан президенттерінің пікірлері бір жерден шықты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
Санкцияларды Біріккен Ұлттар
Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін әрекет ретінде
бағалап, олардың өз бетімен қолданылуын болдырмау қажет. Миллиондаған
адамдардың игілігіне әсер ететін халықаралық санкциялар қолдану құқығы Қауіпсіздік
Кеңесінің ерекше құзырында болуға тиіс деп сенемін.
Бірақ арада үміт жылт етті. Оны көпшілік Путин мен Обаманың ланч кезінде
қол алысып, тостаған қағыстыруынан іздейді. Саясаттанушы Ерлан Қарин Украина
және Сирия бойынша Ресей мен АҚШ тез арада ымыраға келе қояды дегенге сенбейді.
Десе де, бір жылға жуық бір-бірінің жүзін көрмеген лидерлердің ассамблеяның
ресми бөлімінен кейінгі кездесуі, күрделі қарым-қатынастың бір күрмеуінің
шешілуі деп бағалайды.
Ерлан Қарин, Қазақстандық
стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
Саяси лидерлер бір-біріне
қатысты сын көзқарас көрсеткенімен, екінші жағынан алып мемлекеттер өзара
компромис іздеуге деген ниеттері бар екендігін аңғартты. Ресми сөз сөйлеуден
кейін бейресми, ланч, дастарханның басында деген сияқты бір-екі сөз алмасуы да
әлсіз болса да стратегиялық диалогтың сақталып отырғандығын бір аңғартты.
Бітіспейтін тартыстың әлі де жалғасатынын Барак Обаманың бір сөзі аңғартты.
Ақ үй басшылығы аяққа қайта тұруға ниеттенген Ресеймен қатар, түйткілді
мәселелер бойынша нейтралитет ұстанатын Қытайды АҚШ-тың ықтимал қарсыластары
тізіміне енгізіп қойды.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ