Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда демалыс және мереке күндері төленетін еңбекақы көлемі төмендемейді

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2015
  • 1313

Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтарға демалыс және мереке күндері төленетін еңбекақы көлемі төмендемейді. «Нұр Отан» партиясының еңбекақы коэффицентін өсіру жөніндегі ұсынысына Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, кәсіпкерлер палатасы мен кәсіподақтар қауымдастығы қолдау білдірді.

Бүгін партияның орталық аппаратында Еңбек кодексінің жаңа жобасы қаралды. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің айтуынша, аталмыш құжат ел арасында да кеңінен талқыланған. Әлі күнге дейін партияға  тұрғындардан түрлі ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Осы орайда, Парламенттегі «Нұр Отан» фракциясының мүшелері демалыс және мереке күндері төленетін еңбекақының ортақ тарифін бекітуді ұсынды. Ол бір жарым еседен төмен болмауы тиіс. Бұдан бұрын жаңа кодекс жобасында оның мөлшерін 1,25 деп бекіту ұсынылған еді. Асқар Мырзахметов Үкіметтің жаңа ұсынысты қолдайтынына сенім білдірді.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: 

Бұл әлеуметтік маңызы бар мәселе. Фракцияның ұсынысын Үкіметке жолдаймыз. Түнгі мезгілде, демалыс, мереке күндері төленетін еңбекақы жұмыскердің бір күндік табысынан 1,5 есе көп болуы керек. Мұны Үкімет қолдайды деп ойлаймыз.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі: 

Үкімет «Нұр Отан» фракциясының ұсынысына қарсы емес. Бірақ бұл процесс бүгін емес, кеше қолға алынуы керек еді. Заң былтыр қабылданып кетті. Оған дейін кәсіподақтар болды. Бізге бірінші кезекте еңбек жағдайын жақсарту, екіншіден, жұмысшылардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету керек.

Сондай-ақ, министр ханым енді ауыр өндірісте еңбек ететіндер зейнетке 63 емес, 55 жасында шығатынын хабарлады. Еңбек кодексінің жаңа жобасы қазір Парламентте қаралып жатыр.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ