Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы СҚО филиалындағы қоғамдық қабылдауға 9 айда екі мыңнан астам адам келген

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2015
  • 756

«Нұр Отан» партиясының Солтүстік Қазақстандағы филиалы 9 айдың ішінде 478 азаматқа қол ұшын созды. Жыл сайын партияның қоғамдық қабылдауына үш мыңнан астам адам келеді. Тығырыққа тірелген жандарға партия тарапынан қандай көмек көрсетілуде?  Аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Қуаныш Некебаев әскерден соң келісімшарт бойынша Шешен соғысына, кейін тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстарға қатысқан. Елге оралған соң әскери салада қызмет етеді. Бірнеше жыл бұрын әлдебір бұзақылардан соққы жепті. Есінен айырылып, далада  қалған кезде екі қолын үсіткен. Бұған еш мойымаған Қуаныш 3 бірдей қайта даярлау курстарында оқыса да, жұмыс таба алмапты.

Қуаныш Некебаев, СҚО медициналық колледжі компьютерлік техника операторы:

Талай табалдырықты тоздырдым. Бірақ ешкім жұмыс ұсынбады. Кейін әлеуметтік қамту органдарына жүгіндім. Онда маған: «Қос қолы жоқтар бізге қажет емес», - деп жауап берді.

Қуаныштың өтінішіне нұротандықтар құлақ асып, жұмыс тауып берген. Мүгедек азамат 3 жылдан бері компьютер бағдарламашысы болып еңбек етіп жүр. Партияның шарапатын көргендердің бірі - «Ардос-жүрек» мүгедектер ұйымы. Кембағал жандарға өмірді басқа қырынан тануға көмектесетін ұйым Тұңғыш Президент қорының қолдауымен өтетін әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінде грант ұтып алған. Жолға ақша таба алмай қиналғандарға қаражат «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына жүгінген соң табылды.

Ақжан Кәрім, «Ардос-Жүрек» мүгедектер ұйымының директоры:

1 млн 200 мың теңге грант ұтып алдық. Бұл жобаның басты мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жастарды әлеуметтік-мәдени шараларға  тарту. Біз бәрін қызықтыратын жобаны ойлап таптық.

Ұйым аймақтағы мыңнан астам кемтар балаға психологиялық тренингтер және иппотерапиядан сабақтар өткізеді. Осындай игі бастамаларды  партияның қоғамдық қабылдау бөлімі үнемі қолдап келеді.

Абай Қайсин, «Нұр Отан» партиясы СҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

Азаматтар хабарласып, алғыс білдіріп жатады. Басты қағидамыз - азаматтарға дұрыс бағыт көрсету. Яғни құжатты заңды түрде қалай рәсімдеуге болады деген сияқты мәселелерде көмек береміз. Кейбірі тіпті пәтер кезегіне қалай тұратынын білмейді. 

Жыл басынан бері қоғамдық қабылдауға 2087 адам келген. Нұротандықтар олардың әрбір төртіншісіне көмек қолын созды. «Көп жағдайда проблеманың шешілуі ұзақ уақытты қажет етеді», - дейді партиялықтар. Ең бастысы - көмекке мұқтаж азаматтар осы жерден қолдау табатынын біледі.

Абзал ҚҰРМАНКИН