Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары «Астана» арнасының еңбек ұжымымен кездесті

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2016
  • 1920

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары «Астана» телеарнасына арнайы келді. Мұхтар Құл-Мұхаммед арнаның техникалық мүмкіншіліктерімен танысып, шығармашылық топпен танысты.

Айта өтейік, бүгінде «АSTANA ТV» тәуілігіне 19 сағат хабар таратады. Эфирлік таралымы  еліміздің 89,9% аумағын қамтып отыр. «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбайдың айтуынша, Гэлоп-Медианың жүргізген зерттеулеріне сәйкес 2012-15 жылдар аралығында көрермендер аудиториясының өсімі 219% құраған. 

«АSTANA ТV» hd форматына алғашқылардың бірі болып көшкендігін де атап өткен жөн. Республикалық телеарналардың ішінде «Астананың»  қазақ тіліндегі жаңалықтары 9,8 пайыз үлеспен мамыр айында екінші орынға көтерілді. Арна ұжымы көрермендерге 20-дан астам бағдарламасын ұсынады. Олардың ішінде: «Бірегей», «Сырласу», «Сырты бүтін», «Дүние жарық», «Аналар» сынды көрермен талғамынан шыққан хабарлар бар.  Отандық  отбасылық драмалардың алғашқы қарлығаштары «Жібек» пен «Әулет» шытырманға толы хикаялары да көрерменге жол тартқан болатын. 

Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының барлық жоспарларын, стратегиялық инициативаларын орындауда ақпараттық-насихат жұмыстарының роліне айырықша тоқталды. Осы орайда медиа кеңістігінде өзіндік орны бар «Астана» телеарнасы мен оған қарасты «ORDA FM» әуе толқынына үлкен міндеттер артылып отырғанына тоқталып, еңбек ұжымына сәттілік тіледі.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Астана» телеканалы өзінің жастығына қарамастан, Қазақстандағы ақпарат кеңістігінде лайықты орын алып отыр. Оған сіздердің өте жоғары рейтингтеріңіз де дәлел бола алады. Оның үстіне сіздердің көрермендеріңіздің де қатары жыл сайын асып келе жатыр. Сондықтан біз осы каналдың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Елбасының барлық жоспарларын, бастамаларын, стратегиялық инициативаларын Сіздер жастарға тән жігерменен, шығармашылық шабытпенен Қазақстан халқына жеткізе береді деп сенемін.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА