Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанға мемлекеттік сапармен Украина президенті Петр Порошенко келді

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2015
  • 1467

Бүгін елімізге мемлекеттік сапармен Украина президенті Петр Порошенко келді. Ақордада өткен салтанатты қабылдауда мемлекет басшылары екі жақты және кеңейтілген отырыстар өткізді. Екеуара кездесу жоспарланғандай 40 минут емес, бір жарым сағатқа  созылды. Талқылайтын мәселелер жетерлік. Өзара алыс-беріс, достық қарым-қатынасы мен геосаяси жағдайлар, Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал мен энергетикалық ынтымақтастық жайы әңгіме болды. Азамат Алдоңғаровтың материалында толығырақ.

Бұл Петр Порошенконың Украина президенті ретінде Қазақстанға алғаш келуі. Біздің Украина дағдарысын шешудегі арағайындық ниетіміз Порошенконың ТМД елдері ішінде өзге емес, Қазақстанға ат басын бұруына негіз болды. Саяси әдептен бұрын, қос президенттің халықаралық жиындар форматынан бөлек, шағын құрамда келісетін мәселелері бар. Ол кезде тілдік барьер де түк емес.

Тілдік бөгетті аттап өткен екі елдің энергетика саласы бойынша ымыраласатын жөні бар. Қазақстан көмірге бай, ал Украинада соңғы саяси процесстерден соң көмірге сұраныс артқан.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір Украинада көмір тапшылығы бар. Қазақстан бұл жағынан көмектесе алады. Көмірді беретін болады. 

Енді украиндық мамандар бірнеше көмір шахталарының өнімін сұрыптап, өзіне қажеттісін таңдайды. Әзірге қай жақтың көмірі шекара асатыны жөнінде нақты шешім жоқ. Украина сондай-ақ Қазақстанның мұнайына мұқтаж. Бірақ бұл тұста ептеп қиындық бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құбырлар Ресей аумағы арқылы өтеді. Біз бұл жайында да сөйлестік, мұнай өнімдерімен көмек көрсету мүмкіншілігі бар. Бұл мәселені шешетін боламыз.

Қазақстан басшысы «екі ел арасындағы алыс-беріске тұсау болған Украина-Ресей ара-қатынасы - сол екі ел өзара шешетін мәселе, оған Қазақстан араласпайды» дегенді айтты. Және Ресей мен Украинаның қарым-қатынасы оң шешімін табарына сенім білдіреді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жылдан бастап Еуропалық одақ пен Украина арасындағы қауымдастық келісімі күшіне енеді. Еуропадан Украина арқылы Ресейге келетін тауар бойынша келіспеушіліктердің туындауы - ол сіздердің екіжақты қарым-қатынастарыңыз. Мен келісімге келу керек деп ойлаймын.

Ресми Киев пен Мәскеу арасының жақсаруына алғы шарттар бар. Петр Порошенко елдің оңтүстік-шығысында атыс тоқтап, тыныштық орнағанын жеткізді.

Петр Порошенко, Украина президенті:

Бұған көпшілік күмәнмен қарады, бірақ біз қолдан келгенді жасап, екі аптадан аса уақыт зеңбіректердің гүрсілі тоқтады. Бұл шамалы болса да, үміт тудырды.

Еуропалық одақ-Украина-Ресей үштігі арасында келіссөздер жүргізілуде. Мақсат -  Украина кәрі құрлыққа қосылған күнде Ресей тарапынан арадағы тауар тасымалына шектеуді болдырмау. Ал қазақ-украин достығына келетін болсақ, ол экономикадан тыс мәдени саланы да қамтиды. Астанада Тарас Шевченконың мүсіні пайда болса, Киевте Ұлы Абайға ескерткіш қойылады. Петр Порошенко Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы кезінде келуін жақсылыққа жорыды.

Петр Порошенко, Украина президенті:

Іссапарымның Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен қатар келуінің символдық мәні бар деп ойлаймын. Бүгінгі кездесу украин-қазақ достығының жаңа кезеңін ашады деп сенемін.

Петр Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевты келесі жылы Украинаға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қазақстан басшысы  украиндық әріптесінің шақыруын ілтипатпен қабыл алды. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ