Русский Сайттың толық нұсқасы

Украинаның АН ұшақтары Қазақстанда құрастырылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2015
  • 1448

Қазақстанда Украинаның трамвайлары жүріп, АН ұшақтары  құрастырылуы мүмкін. Бұл туралы қазақ-украин бизнес форумы аясында айтылды. Жиынға екі елдің мемлекеттік қызметкерлері, ұлттық компания басшылары мен бизнес өкілдері қатысты. Форум аясында қос тарап инвестициялық мүмкіндіктерін паш етті. 

Украинаның Қазақстанға қызығушылығы зор. Жаңа мүмкіндіктер іздеп келген делегацияның қарасы қалың. Екі жақтан 300-дей адам қатысты жиынға. Меже бір кездері әлсіреп қалған сауда-экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп, тауар айналымын арттыру. Бизнес форумды ашқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев тартымды салаларды тізіп өтті. Тау-кен металлургия, көлік логистика, машина жасау, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша ынтымақтастықты нағайтудың мүмкіндіктері айтылды.

Бизнес форумға әсіресе Украина тарапы үлкен үміт артады. Өйткені "соңғы он жылда Қазақстанның бұл елге құйған инвестиция көлемі 10 есе көп", деді Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев. Ал Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Украинаға уран жеткізу бойынша мүмкіндігіміз барын, атап өтті. Украиналық бизнес өкілдерін Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция құюға шақырды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары:

Бірінші бағыт - тау-кен-металлургиялық секторы. Биыл біз геологиялық барлау саласында нақты реформалар жүргіземіз. Екінші бағыт транзиттік әлеуетке негізделеді. Үшінші бағыт - агроөнеркәсіптік кешен. Қазақстанның бұл бағыттағы зор мүмкіндіктері әлі толық іске аспай келеді. Инвестициялық климатты жақсарту үшін, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін ауал шаруашылығына пайдаланылатын жердердің жалдау мерзімін 25 жылға ұзартты.

Алайда Украина тарапы біздің инвесторларға бөлек жеңілдік жасауға қауқарсыз болып шықты. Украинаның экономикалық даму және сауда вице-министрі ондағы қиын ахуалға орай қазақ бизнесіне салықтық жеңілдіктер бере алмайтынын мойындады.

Наталья Микольская, Украина экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары:

Украинадағы қалыптасқан жағдайды білесіздер. Инвесторларға қолайлы болатын үлкен жеңілдіктер бере алмаймыз. Біздің мақсатымыз - шетелдіктерге ғана емес, барлық кәсіпкерлерге бірдей салықтық жағдай жасау.

Дегенмен украиндықтар Қазақстанмен экономикалық, іскерлік, мәдени қатынастарға тың серпін беруге мүдделі екенін байқатты.

Геннадий Зубко, Украина вице-премьері:

Бүгін қол қоюды көздеп отырған «Жол картасының» барлық бөлімдеріне сай жұмыс жүргізу өте маңызды. Қарым-қатынастардың жаңа көкжиектерін табуымыз керек. Алда Қазақстан-Украина іскерлік кеңесін құру мақсаты тұр. Ол бизнесті жүргізуге қатысты мәселелерді шешіп отырмақ.

Соңғы кезде екі ел арасындағы тауар айналымы мен инвестициялар көлемі айтарлықтай азайған. Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаевтың ойынша, бұған Украинадағы дағдарыс, экономиканың құлдыруы мен тұтынушылық қабілеттің бәсеңдеуі әсер етті.

Рахым Ошақбаев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында тауар айналымы 852 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 32 пайызға төмен. 2008-2010 жылдары тауар айналымы 2 млрд доллардан асатын.

Түс ауа бизнес-форумға екі ел президенттері де қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев украиндық кәсіпкерлерді индустриализация, «Нұрлы жол» бағдарламалары мен ЭКСПО көрмесіне инвестиция салуға шақырды. Форумда үш бірдей ірі келісімге қол қойылды.

«Қазақстанның авиациялық индустриясы» серіктестігі мен «Укрспецэкспорт» компаниясы Астанадағы Авиациялық орталықтың базасында Укрианада шығарылған әуе техникасы сервис орталығын ашуға уағдаласты. Украина вице-премьері болашақта «Антонов» ұшақтарының да біздің елде  құрастырылуы мүмкін екенін айтып қалды. «ЭКСПО-2017» ұлттық көрмесі мен «Monaco Ukraine Group» арасында туристер тарту бойынша келісімге қол жеткізілді. «KAZNEX INVEST» АҚ мен «Татра-Юг» серіктестігі трамвай жеткізу бойынша меморандумды бекітті. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ