Каспий теңізінің үстінен ұшу қауіпті. Бұдан былай қазақстандық әуе компаниялары Каспийді айналып ұшады. «Эйр Астана» Алматы-Баку-Алматы бағыты бойынша рейстердің маршрутын өзгертті. Бұл ақпаратты компания өкілдері «Астана» арнасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты. Сондай-ақ, жақын күндері Алматы-Тбилиси-Ыстамбұл-Алматы бағытымен ұшатын әуе кемелерінің де бағыты өзгереді. Ұшақтар Каспийді айналып өту үшін солтүстікке қарай бағытталады. Қазір ұлттық әуе тасымалдаушы оператор Ресей үкіметінің шешімін күтіп отыр. Себебі аталған рейстер осы елдің әуе кеңістігін басып өтеді. Бұл шешім әрине, уақытты ұзартып ғана қоймайды - жанармай шығынын арттырады. Бірақ компания өкілдері -бұл жағдай билеттің құнына әсер етпейді,- дейді.
Тілек Әбдірахимов, «Air Astana»компаниясының БАҚ-пен байланыс
департаментінің менеджері:
Қазір біздің ұшақтар мүмкіндігінше солтүстік бағыт бойынша ұшуы тиіс.
Тиісінше рейстердің ұшу ұзақтығына да өзгеріс енеді. Бұрынғы 3 сағат 25
минуттың орнына3 сағат 40 минут ұшуы мүмкін. Сондықтан жолаушылар бұл жағдайға
түсіністікпен қарайды деген үміттеміз. Бұл әуе қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.
Мұның бәрі қазанның 7-де Ресей Каспий
теңізіндегі соғыс кемесінен Сирияны қанатты зымырандармен атқылаған болатын,
соның кесірінен. Осы орайда, Еуропа әуе
қауіпсіздік агенттігі теңіздің үстімен ұшатын азаматтық авиация ұшақтарын
сақтыққа шақырған. Соған орай Гонконгтың Cathay Pacifiс ірі әуе компаниясы
Иранға Каспий теңізі арқылы ұшуын тоқтатты.
Ресейдің Сирияны Каспий теңізінен атқылауы Каспийді жағалай орналасқан басқа елдерге – Әзербайжан, Иран, Қазақстан және Түркіменстанға «Каспий теңізін біздің флот басқарады» деген емеурінді де білдіреді – деп жазды, «Азаттық» порталы.
Түркіменстан мен Әзербайжан Еуропа Одағымен бірге
«Транскаспий» газ құбырын салуды бірнеше айдан бері талқылап келеді. Бұл түркімен
газын Каспий теңізінің астымен Әзербайжанға жеткізіп, ары қарай Еуропаға асыруы
тиіс жоба. Бұл жоба іске асқан жағдайда Еуропаның Ресей газына деген
тәуелділігі азаяды. Әлбетте, Мәскеу бұл жобаға қарсы. Ресей қанатты
зымырандарын ұшырған соң аталған жобаның салынып бітуі күмәнді болып қалды- деп түйеді,
портал.