Русский Сайттың толық нұсқасы

Малайзиялық MH17 жолаушылар ұшағының жарылу себебі неде? Апат себебін анықтау мақсатында xалықаралық трибунал құруға неге ресми Мәскеу қарсы болды?

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2015
  • 1530

Сейсенбіде Нидерландтың қауіпсіздік кеңесі былтыр жазда Украинаның әуе кеңістігінде атып түсірілген малайзиялық MH17 ұшағының апатқа ұшырау себептерін зерттеу нәтижесін Хильзе-Рейн әскери базасында жария етті. Қауіпсіздік кеңесі ресми түрде ұшақты Украинаның шығысынан атылған БУК зымыраны атып түсірген деп мәлімдеді. Өткен жылы Украина әскері мен ресейшіл сепаратистердің Донбастағы қарулы қақтығысы шиеленіскен тұста осы аймақтың үстімен ұшып бара жатқан малайзиялық MH17 жолаушылар ұшағы әуеде жарылып, жерге құлаған еді. Борттағы 298 адам түгел опат болған.

Зерттеушілер апат себебін дәл анықтау үшін құлаған ұшақтың алдыңғы бөлігін қайта құрап шыққан. Олар таза техникалық жағын саралаған. Лайнер жерден БУК зымыран кешенінен атқыланған. Пилоттар бірден ажал құшқан, ал жолаушылардың кейбірі маска киіп үлгергенге ұқсайды... 

Қауіпсіздік кеңесінің есебінде зымыранның дәл қай жерден көзделгені және көздеген кімдер болуы мүмкін екені туралы ақпарат жоқ. Бар мәселе де сонда – сепаратистер ме жоқ әлде украин әскері ме?  Нидерланд қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Тьиббе Яустра -ұшып бара жатқан малайзиялық ұшақты ресейшіл сепаратистер бақылау орнатқан аймақтан атып түсірген- деп, баяндамаға комментарий жасағанда мәлімдеген.

Ресей бұл зерттеу қорытындысымен келіспейді. БУК зымыран кешенін шығаратын ресейлік «Алмаз-Антей» қару-жарақ өндірушісінің байламы бойынша ұшақты БУК-ң ескірген нұсқасымен украин әскерилері атып түсірген.

Енді кейбір басылымдардың материалдарына тоқталамыз.

The Guardian

 «...Үш ұшқыш тіл тартпай кеткен – себебі оқтұмсық олардың кабинасының сол жақ бүйірінен  бір-ақ метр қашықтықта жарылған. Голланд сарапшылары капитанның денесін тапқанда оның денесіндегі металл сынықтарын алып тастауға талпыныс болғанын байқады... Тергеушілер камераға түсіріп алған шұрқ тесік және күйе-күйе сынықтардың фрагменттері жоғалып кеткен... Голландтардың баяндамасы «апаттың себептерін жасыру әрекеті болған» деген болжам жасауға итермелейді. Жалпы ұшақ зор жарылыстың күшінен бөлшектеніп кеткен...»

The New York Times Magazine 

«...Ресейліктердің басым көбі Батыс The New York Times Magazine әлемімен еш қабыспайтын өз әлемінде өмір сүріп жатыр... Санкциялар Мәскеуге ұшақты жойғаны үшін салынғанымен, ресейліктердің көбі ұшақты украиндар жарып жіберді деп есептейді. Сондықтан санкциялар оларды лидерінің маңына топтасуға итермелейді. Вашингтон мен Брюссель әділетсіз «тиісіп отыр» деп ойлайды. Лидерінің рейтингі өте жоғары болатыны да содан... Барлығының кілті зомбожәшікте...» /Орыстардың телевидениесін айтады/   

Нидерланд қауіпсіздік кеңесі лайнердің жерден зымыран арқылы жойылғанын растаған  соң, Малайзия үкіметі қылмыскерлерді табу үшін халықаралық сот құру талпынысын жалғастыратындарын мәлімдеді. Шілде айында БҰҰ қауіпсіздік Кеңесінде осы оқиға бойынша халықаралық трибунал құру туралы қарарға Ресей вето қойған еді. Жалғыз өзі қарсы болған.