Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ баласы сөйлеуден бұрын ойнауды үйреніп жүр немесе смартфондар «бәле» болып жабыспасын десеңіз...

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2015
  • 1506

Мұндай видеолардың интернетте неше «атасы» бар. Балалар психологтары дабыл қағып отыр: планшеттер, смартфондар, басқа да түрлі гаджеттер балалардың қалыптаспаған санасына және денсаулығына өте-мөте зиян. Девайстер балалардың қолына екі жасқа жетпей түседі. Тіпті алты ай толмаған сәбиге беріп қоятындар бар. Сонда балалар сөйлеуден бұрын ойнауды үйренеді. Ал өскен сайын қызығушылық тәуелділікке айналады. Қатаң тыйым салу – тығырықтан шығатын жол емес. Мамандардың кеңесіне құлақ түрсек, баланың тілін табуға тырысып, түрлі қызық тақырыптар бойынша әңгімелесу ата-ана үшін қиын болса да /әсіресе жұмыс істейтін/, жалғыз дұрыс жол. Сол жаңа технологияларды ойлап табатындардың өздері балаларының гаджетке тәуелді болмағанын қатаң қадағалаған. Мысалы, «Apple» –ң атасы Стив Джобстың күнде кешкісін дастархан басында балаларымен түрлі кітаптарды, тарихи оқиғаларды, басқа да сауалдарды талқылағанын оның қол астында жұмыс істеген ағарту технологиялары бойынша білікті маман Энио Омае еске алады. Джобстың төрт баласы стол астынан iPad немесе ноутбук шығармаған...  

Алайда. Алайда күйткіл тіршіліктен шаршамаған – таңның атысы, күннің батысы «нәпақа табу керек» деп жүгірмейтін ата-аналардың өздері бала тәрбиесіне көңіл бөлмейді: балаға кітап оқып, логиканы дамытатын ойындар ойнап, түрлі сауалдардың жауабын берудің орнына планшет ұсына қоюға әуес. «Тамағы тоқ, көйлегі көк» деген иллюзия ақыры быт-шыт болып «сынады»... Себебі баланың миында не бары, психикасы қалай дамып жатқаны белгісіз. Ақыры бір «бәле» тууы мүмкін, туады...

Айгүл Ермаханның шағын зерттеуі қауіпті тенденцияның белең алғанын дәлелдеп ғана қоймайды. Әлі де қамсыз, әлі де «қорықпайтын» ата-аналарға «күлкінің» соңы немен бітуі мүмкін екенін ескертеді.