Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада автобус апатқа ұшырап, жолаушылар зардап шекті

  • AstanaTV
  • 19 қазан 2015
  • 1153

Астанада автобус жер асты жолында апатқа ұшырады. Жүргізуші тізгінге ие болмай, қабырғаға соғылған. Үш жолаушы зардап шеккен. Оның ішінде көлік жүргізушісінің өзі де бар. Бірақ халі мүшкіл бір әйел ғана қазір ауруханада. Оқиға орнына жеткен полиция жүргізушінің ішімдік ішпегенін анықтады. Мамандар жолаушылар автобустары жерасты жолдарымен мүлдем жүрмеу керек дегенді айтады. Айгүл Әдепбай мән-жайды біліп қайтты. 

Апаттан соң Күлзира Бекенова мына травматология бөліміне жеткізілді. Бел омыртқасы сынған. 58 жастағы әйел үшін бұл ауыр сынық,- дейді дәрігерлер. Қазір ота жасала ма, жоқ па - әлі шешілген жоқ. Бірақ қазір жағдайы қалыпты. Алғашында ауыр соққыдан жолаушы не болғанын бірден түсінбей де қалған.

Сол күні Күлзира Бекенова сауда орталықтарынан шығып, үйіне қайтып бара жатқан. Бірақ жете алмай қалды. Қатты соққыдан алдыңғы орындықта отырған ол ұшып кеткен. Туыстары кешелі-бері іздеп, бүгін ауруханадан тауыпты. 

Күлзира Бекенова, зардап шегуші:

Автобустың алдында отырдым. Ұшып кеткенде, спиной перевернулась. Есімде жоқ. Мүмкін, былай ұстап алдым да, меня развернуло. 

Олжас Бекарысов, № 1 травматология бөлімінің жетекшісі:

Екінші бел омыртқасы сынған. Компрексиялық перелом. Омыртқа негізінде ұзақ бітеді. Бір жылға дейін бітеді. Жарты жыл корсетпен жүреді. Үш айға дейін отыруға болмайды.

Ал Күлзираны кереуетке таңған 32-маршрут жер асты жолымен өтпеуі тиіс екен. Оны қалалық автобус маршруттарын бақылап, жүргізушілердің біліктілігін арттыратын орталық хабарлады. Қаладағы бір де бір автобус жер асты жолымен жүрмеуі тиіс екен. Бірақ бұған заң жүзінде тиым салынбаған. Тек қауіпсіздік үшін ұсыныс ретінде ауызша айтылған.

Аяжан Қасымова, Астана қалалық көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығы жетекшісі:

Жұмыс істеп жүрген жүргізушілердің біліктілігі талапқа сай келе бермейді. Олар жол жүру ережелерін жақсы деңгейде білмейді. Біз ең біріншіден жол ережелерін еске саламыз. Жүргізушілердің дені жасы үлкен, тәжірибелі адамдар. Ескіше дағдыларымен жүріп үйреніп қалған. Сондықтан көбі жаңашылдықты меңгеруге бейім емес.  

32 маршрут бірінша автопаркке тиесілі. Басшылығы әдеттегідей жүргізушінің мақтауын жеткізді. 15 жылдық тәжірибесі бар. Біліктілік курстарынан өткен деп, өздеріне шаң жуытпады. 

Сергей Богатырев, № 1 автобус паркі төрағасының орынбасары:

Бұның қалай болғанын, өзіміз де түсіне алмай отырмыз. Тоннельден шығып келе жатқанда, асфальт су болған. Дөңгелегі оңға кете берген. Сосын жүргізуші солға бұрылғанда, автобусты солға алып кеткен. Жылдамдықты асырған жоқ. Сағатына 35 шақырым. Жол ережесін де бұзған жоқ. Өзінің де миы шайқалды.

Алайда полиция автобустың тайғанақтауы мүмкін деген жайтқа күле қарайды.

Лариса Красникова, Астана қалалық әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

Бұл күлкілі жағдай. Далада температура минус емес қой. Жолдағы бір дақ немесе су болсын, ол жол апатына қалай әсер ететіні түсініксіз. Жолаушылар да көліктің тайғанақтағанын айтады. Бірақ қалайша ол қабырғаға соғылғаны түсініксіз. Барлығын сарапатама анықтайды. 

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Егер жүргізуші кінәлі деп танылса, оған 300 АЕК, яғни 600 мың теңгедей айыппұл салынуы мүмкін. Немесе 75 тәулікке қамауға алынуы ықтимал. Не болмаса екі жылға жүргізушіліктен шеттетіледі,- дейді полиция. Ал автопаркке тек автобусты ғана емес, тоннельдің бетон қабырғасын да қалпына келтіруге тура келеді. Және зардап шеккен жолаушыларға да өтемақы төлеуі тиіс. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ