Астаналық мектептердің бірінде мұғалім болып істеген әйелін бензин құйып өртеп жіберген деп айыпталған азамат кінәсін мойындамады. Бүгін қоғамды дүр сілкіндірген Қанат Садуовтың ісі бойынша алдын-ала сот отырысы өтті. Қанат Садуовқа Қылмыстық кодексінің 99 бабы, екінші бөлімінің бесінші тармағы бойынша, яғни «асқан қатыгездікпен адам өлтірді» деген айып тағылуда. Атышулы істі Астана ауданаралық мамандандырылған сот төрағасы Ербол Рахымбеков қарайды. Айыпталушы Садуов алғашқы тыңдауда алқа билер төрағалығынан да бас тартты. Ал оның адвокаты Серік Нұрлыбаев қорғалушысының бүгінгі мәлімдемесін «өз еркі» деп бағалады.
Серік Нұрлыбаев, Қанат Садуовтың адвокаты:
Өз пікірі. Ол бұл қылмысты жасамағандығына сенімді. Ендігі процесс оның шаруасы емес. Ешкім өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес.
Іс бойынша негізгі сот отырысы 27-ші қарашаға белгіленді.
Еске салсақ, жантүршігерлік оқиға үстіміздегі жылдың мамыр айында болды.
Күдікті Қанат Садуов Астанадағы №25 мектепте жұмыс істеген әйелін сыртқа
шығарып, оқушыларының көзінше соққыға жығып, кейін өртеп жіберген-ді. Денесінің
70 пайызын күйік шалған мұғалім ауруханада бір аптадай жатып, ақыры ес жимастан
көз жұмды. Ал оқиға орнынан қашып құтылған Садуовтың өзі араға төрт ай салып
қыркүйектің 14 күні Астана маңындағы Қабанбай батыр ауылында тұратын
туыстарының жертөлесінде жасырынып жатқан жерінен ұсталды.
А.АЛДОНҒАРОВ