Тірі, бірақ өлілер қатарында. Өскеменде тұратын 85 жастағы зейнеткер құжат бойынша өлілер қатарына еніп кеткен. Бұл туралы кейуананың өзі зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық қызметкерлері хабарласқанда біліпті. Олар Мария Антоновнаға қоңырау шалып, жерлеу үшін берілетін өтемақы алуға болатынын айтқан. Енді 85-ті алқымдаған қария өзінің тірі екенін дәделдей алмай дал болып жүр. Тіпті, кейуана өзін «тірідей» көмген мекемеге барлық құжаттарды жинап, дәрігерден анықтама алып апарғанымен, оған ешкім сенбепті.
Мария Балаганская, Тыл және еңбек ардагері:
Олар маған сіз тірі екеніңізді дәлелдейтін басқа да құжаттар жоқ па деп сұрады. Мен сіздің алдыңызда тұрғаным, құжаттағы суретте мен екенім түк те білдірмейді ма десем, маған ол аз деп жауап қатты. Сонда мен сегізінші қыркүйекте «өліп» қалмағаным үшін кінәлімін ба? Кім жауап береді бұл үшін?
Қазір Марина Антоновнаның құжаттарымен Халыққа қызмет көрсету орталығы айналысып жатыр. Құзырлы мекеме Астанаға арнайы сұрау жіберіпті. Ол жақтан келген жауапқа қарап, жергілікті сот кейуананы қайта "тірілтуі" керек. Айта кетсек, бұл мемлекеттік мекемелердің құжатта жіберген алғашқы қателіктері емес. Жақында біз Өскемен қаласының тұрғыны Елена Трофимова туралы айтқан болатынбыз. Оның жеке сәйкестендіру нөмірінің бір санында қате кеткендіктен, ол аяқ астынан «ер азамат» болып шыққан еді. Екі баланың анасы бірнеше айдан кейін ғана өзінің «әйел» екенін әзер дәлелдеген болатын.
Б.ХАСЕНОВ