Русский Сайттың толық нұсқасы

Жайқалмаған «Бәйтерек»...

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2016
  • 1792

Осы аптада Парламент Мәжілісінде бұқаралық денешынықтыру және спортты дамыту мәселелеріне арналған үкімет сағаты өткен. Сонда айтылған мәліметтерден бірер сан: елімізде 1 бассейнге 16 743 адамнан келеді, ал АҚШ-та 38. Қазақстанда 1 футбол алаңына 15 799 өрен, жігіттен келсе, Германияда 667.  Бұқаралық және ұлттық спорт түрлеріне соңғы төрт жылда Солтүстік Қазақстан облысында бір тиын да бөлінбеген. Негізгі тірек  сол баяғы мектептердегі спорт залдары ғана. Олардың өзінде шенеуніктер сылап-сипап сипаттағанымен, спорттық инвентарь жоққа тән.

Луара Батырғалиева, БҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

Біздің облыста 389 мектептің 272-інде спортзалдар бар, қамтылуы 69,9 пайыз. Спорт құралдарының қамтылуы 65,5 пайыз. Ескірген, көне гимнастикалық құралдар жаңартуды талап етеді. Доптар, волейбол, баскетбол сеткалары арзан, әрі тез тозады. Мұны жергілікті атқарушы органдар өздері шешуде. Дегенмен, снарядтарды табу қиындау болып тұр.

Ал Бразилияға футболдың қыр-сырын үйренуге жіберген жасөспірімдердің саны оқып келгені мен оқып жатқанын қосқанда, 70-тен асқан. Бір баланың Бразилияда үш жыл оқуына 78 мың доллар бөлінеді.

Алғашқы түлектерден  құралған  «Бәйтерек» командасы былтыр  премьер-лигадан да төменгі топтар арасында 12-орынға құлдыраған. Ал команда саны 13...

Футболдағы жайқалмай, жарқырамай тұрған «Бәйтерекке» байланысты Азамат Алдоңғаровтың «доп қуған...» материалы.

Қазақстан бұдан былай Бразилияның футбол академияларына бала жібермейді. Бұл осы аптада қызу талқыланған тақырыптардың бірі. Парламент қабырғасында өткен үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына депутат Сабильянов «Оле Бразил» бағдарламасы бойынша мұхит асқан балалардың аяқ алысы жайында сұрақ қойды.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Жылына 100 миллион төлеп жатырмыз. Биыл 200 миллион төлейміз. 25 бала 3 жыл ойы оқып келеді. 50 бала бітірді осы уақытқа дейін. Бірақ біз сол жасөспірімдердің жетістігін көрген жоқпыз.

Депутаттың сын сұрағы министрді қатты састырды ма, әлде еліміз шынымен футболшыларды оқыту ісінде үлкен реформаларды «бетке алды» ма, министрдің өзіне ғана мәлім. Бірақ министрдің жауабы «жаңалыққа» толы: еліміз Барзилияға бала аттандыруды біржола тоқтатады, академия деп ауыз көпірткеніміз аула футболынан аспайтын көрінеді, Пеле амалсыздан футбол патшасы болған және бұған дейінгі спортқа жауапты азаматтардың атқарған еңбегі зая.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі: 

Біз бәріміз ойладық, Бразилияда Пеле сияқты керемет футболшылар шыққан соң, спорт мектептері өте дамыған деп. Бірақ практида қарасақ, әрине Бразилияда оқу жүйесі мүлдем басқа. Допты лақтырады, ойнасаң ойна, ойнамасаң өзің біл деп. Ол жерде Пеле, басқа да атақты футболистер мектепке бармай, амал жоқтан тәулік бойы футбол ойнап, өмір сүру керек. Біз қазір бұл үрдісті тоқтатып жатырмыз, неге десеңіз біздің жіберген жасөспірімдер жаттықтырушыларымен күнделікті ойдағыдай жаттығу өтіп жатқан жоқ. Сол себептен біз қазір анализ жасап жатырмыз. Қазіргі кезде ең тиімді Германияда және Нидерландыда.

«Оле Бразил» бағдарламасының тарихына үңілсек, басталғаны 2009 жыл. Бүгінге дейін Бразилияның футбол академиясындағы үш жылдық оқудан алғашқы екі буын футболшылары елге оралды. Жаңа ғана бір ізге түскен бағдарламаны тыйып тастап, енді Еуропаға ентігуге белгілі спорт сарапшысы Несіп Жүнісбаев түбегейлі қарсы.

Несіп Жүнісбаев, журналист-жазушы, ҚР Спорт баспасөзі қауымдастығының құрметті президенті:

Министр жолдастың енді біз Бразилияға бармаймыз, басқа жерден оқытамыз дегені маған түсініксіз. Енді біз баяғы көпірді басқа елмен қайтадан салуымыз керек. Оның барлығы жаңадан басталған нәрсенің жіп-шуы көп. Қаржы бұрынғыдан да көп кетеді. Жарайды, еуропада жасауы мүмкін. Еуропада жасаған шаруамыз Бразилияда жасаған шаруадан артық болады ма? Еуропаның жері жақын болғанымен қызметі өте қымбат.

Спорт журналистикасының ардагері, тұтас халықаралық жобаны тоқтатып тастамас бұрын, таразылап алғанды жөн санайды.

Несіп Жүнісбаев, журналист-жазушы, ҚР Спорт баспасөзі қауымдастығының құрметті президенті:

Екінші жағы бар бұның. мүмкін біз балаларды футбол мектебіне беру мәселесіне біз өзіміз дайын емес шығармыз. Мысалы сол 28 баланы жіберіп жатқан қандай көрсеткіштеріне қарап іріктеп алдық?

Бразилияға алғашқылардың бірі болып аттанғандардың қатарында бүгінде көкшетаулық «Оқжетпестің» қорғаушысы Мирас Төлиев бар еді. Қазір Қазақстан премьер лигасында доп теуіп жүрген аз «бразилиялықтың» бірі.

Мирас Төлиев, «Оқжетпес» ФК қорғаушысы, «Оле Бразил» бағдарламасының түлегі:

2008 жылы чемпионат Қазақстаннан 100 баладай қаралымға шақыртты. Қаралым Алматыда өтті. Сол қаралымнан кейін 25 бала Бразилияға баратын болды.

Мирастың сөзінен министр айтқандай дала кезіп, жабайы футбол үйренген әуесқойдың әңгімесін байқамадық. Ол жақтағы оқу-жаттығу деңгейі Қазақстаннан жоғары екенін айтады. Бірақ, алғашқы жиырма бестің ішінде де болашағын футболмен сабақтастыра алмағандары бар.

Мирас Төлиев, «Оқжетпес» ФК қорғаушысы, «Оле Бразил» бағдарламасының түлегі:

Жоғары лигада 7-8 бала ойнап жатыр. Қалғандары бірінші лигада, мен барып келген 25 баланың ішінен.+арасында бар, ойнамай жатқан балалар. Кейбіреулері жанағы травма дейді ғой, травманың кесірінен, кейбіреулерінде болмай қалды футболмен.

Бразилияда білім алып келген екі буын футболышаларын біріктіріп, Астанада «Бәйтерек» деген клуб құрылды. Мақсат - бір мектепте тәлім алған деңгейлес ойыншылардан жақсы нәтиже шығару еді. Бірақ әзірге бұл команда бірінші лига кестесіндегі соңғы орнында. Бүгінге дейін өткен үш ойында бірде-бір ұпай еншілей алмаған. Бейсенбі күні «Қайсар» командасымен болған ойынға біз де бардық. Көңіл тоқ боп қайтты деуге ауыз бармайды. Есеп 0 де 3. Бәйтерек өз алаңында ірі есеппен есе жіберді.

Фанас Салимов, ардагер футболшы:

Әрине кез-келген шаруаның мақсаты нәтижеге жету ғой. Иә, ол жақтан біраз жастар оқып қайтты, бірақ мен жалғыз ғана Сариевті біледі екенмін. Талдықорғанда ойнады, Қайратта шамалы ойнады. Қалғандары кім, қайда, білмеймін.

Бұл кезінде күллі одаққа дүркіреген әйгілі «Қайраттың» ойыншысы. Бүгінде бапкер білікті маман Бразилияда оқып келген балаларды танымайды. Олардың іріктеуіне қатысқан жоқпын, сондықтан баға да бере алмаймын дейді. Ардагер футболшыдан, кезінде «Қайрат» қалай шыңдалғанын сұрадық.

Фанас Салимов, ардагер футболшы:

Бізді аула мен бір аулаға жалғыз былғары доп тәрбиеледі. Әрине жаттықтырушылар ол кезде де болды, бірақ футболға деген ынта, махаббат жетелеп, жаттықтырды. Бүгін шетелге барып оқып жатқан жастардың арасында шын таланттар жоқ деуден аулақпын, бірақ ол жаққа іріктеуді кім өткізгенін білмеймін. Сондықтан баға бере алмаймын. Әрине, Байшақов, Сегізбаев сынды ойыншылар шығып жатса қуанамын.

Байшақов, Сегізбаевтар қашан шығады, Бразилияға футбо үйренуге жіберген балаларға қанша ақша кетті,- деген сұрақты құзырлы министрлікке қойдық. Ресми хат жолдадық. Жауап: «Оле Бразил» бағдарламасын жақсы білетін вице-министр елде емес. Жазбаша жауап жібереміз. Бірақ жазбаша жауапты соңғы сәтке дейін сарыла күтіп, ақыры көре алмадық. Кей дерек бойынша бір баланың оқуы 78 мың долларға түседі. Сабильяновтың 200 миллион дегені төл теңге ме әлде құнды көк ақша ма, құпия. Фанас Салимов 25 баланы Бразилияға топырлатып айдағанша, 10 жаттықтырушыны алдырып, өзімізде жүздеп, мыңдап бала тәрбиелеу әлдеқайда тиімді болар еді деген ойда.

Фанас Салимов, ардагер футболшы:

Мүмкін керісінше, Бразилиядан жаттықтырушы алдыру керек шығар. Бразилия футболы, мектебі ол сөзсіз жоғары шеберлік. Мүмкін сонда жастардың футболға деген қызығушылығы артар ма еді?

Қазақстанның аяқ добын өрге домалатпаққа не керек десең, бапкер көбірек футбол алаңдарын салу керек дейді. Бұл ойды парламенттің үкіметтік сағатында депутат Мұхтар Тінікеев те көтерген-ді.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Вот Аршавину положили зарплату более миллиона долларов. Задумайтесь, более миллиона в год. Есть легионеры с зарплатой по 30 тысяч долларов в месяц. Нам нужен такой футбол? Спорт вообще такой нужен или нет? Почему эти деньги не направляются на детский спорт? На открытие дворовых площадок? Ну зачем нам баскетбол, на который тратятся немалые средства, и там единственный казахстанец.

Несіп Жүнісбаев, журналист-жазушы, ҚР Спорт баспасөзі қауымдастығының құрметті президенті:

Кәсіпқой клубтар өзі біледі. Сатып алады ма, сатып алмайды ма. Ал біз үкіметтің ақшасына алғымыз келеді оны. Бюджеттің ақшасына, халықтың салығына алғымыз келеді. Мысалы кешегі Тінікеев пе айтқан, сол кісінің айтқаны рас болса, егер Аршавинге 1 млн доллар беріп отырсақ, онымыз өте үлкен қателік. Аршавин ойнарын ойнап, болары болып, бояуы тозған ойыншы. Әрине онда әлі де бар болуы мүмкін, Қайраттағы футболшылардан кем емес қайрат, шеберлік.

Депутаттың сынымен алматылық клубтың әкімшілігі келіспейді. Олардың сөзінше, Аршавин Қайратқа келгелі көрерменнің саны артқан. Алайда одан «Қайраттың» соққан добы көбейген жоқ. Аршавин ойнаған алғашқы кездесуін жеңілістен бастап, бапкерін де алмастырып үлгерді.

Фанас Салимов, ардагер футболшы:

Жаттықтырушыларды да түсінуге болады. Қажетті деңгейде ойын көрсететін ойыншы жоқ. Сондықтан легионерлермен жыртықты жамайды. Егер де Бразилиядан өз балаларымыз оқып келіп, жақсы ойын көрсетіп жатса, әрине. Бірақ, сол бразилиялықтардан жасақталған «Бәйтерек» жеңілістен көз ашпайды.

Жеңілістен көз ашу үшін не істемек керек? Жауаптан сұрақ көп. Ал оған жауап бере алатын вице-министр өкінішке орай шетелде. Шендіміз елге орлағанда білек сыбанып кірісетін іс көп. Бразилияны тоқтатамыз ба, керісінше ширатамыз ба, Германия қайда, Нидерланды қалай? Министрдің кезекті мәлімдемесі, кезекті мал шашпаққа айналмай ма? Бірақ бізде футбол маңында айтыс та, кілем астындағы «күрес» те көп. Кейбіреулер тіпті ақпараттық майданды уақыт аралатып қыздырып отыр. Ал «Бәйтерек» футбол клубы «жанбай» тұр. «Жайқалмайтын» да сияқты...

Азамат Алдоңғаров, Самат Қанағатов, «Біздің уақыт».